Бала туған аналарға қанша ақша төленеді? Жәрдемақылардың тізімі 

Қазақстанда балалы отбасыларды қолдау – мемлекеттік әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі.

 ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов Бүгiн 2026, 11:11
Бүгiн 2026, 11:11
303
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Қазақстанда балалы отбасыларды қолдау – мемлекеттік әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Осыған байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ана мен баланы әлеуметтік қорғау шаралары туралы жолдаған сауалымызға ресми жауап берді. Қазіргі таңда бала тууына және бала күтіміне байланысты қандай жәрдемақылар төленетінін, сондай-ақ әйелдер мен отбасыларды қолдау жүйесінің негізгі тетіктері жөнінде BAQ.KZ тілшісі материалынан оқи аласыздар.

Балалы отбасыларды қолдаудың ұлттық моделі қалыптасқан

Бүгінде Қазақстанда балалы отбасыларды қолдаудың ұлттық моделі қалыптасқан. Бұл модель мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін қамтиды. Оның негізгі мақсаты – бала тууын ынталандыру, балаларды отбасында тәрбиелеуге жағдай жасау және көпбалалы аналардың қоғамдағы беделін арттыру.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес республикалық бюджет есебінен балалы отбасыларға бірнеше мемлекеттік жәрдемақы түрі тағайындалады.

Бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақы

Бала дүниеге келген кезде отбасыларға біржолғы мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Оның мөлшері отбасындағы баланың санына байланысты белгіленеді.

Атап айтқанда:

  • бірінші, екінші және үшінші бала туған кезде – 164 350 теңге (38 айлық есептік көрсеткіш);
  • төртінші және одан кейінгі балалар туған жағдайда – 272 475 теңге (63 айлық есептік көрсеткіш) көлемінде төленеді.

Бала күтіміне байланысты жәрдемақы

Жұмыс істемейтін әйелдерге бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты мемлекеттік жәрдемақы беріледі. Бұл төлемнің мөлшері отбасындағы балалар санына қарай сараланып белгіленеді.

Мөлшері төмендегідей:

  • бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 24 912 теңге;
  • екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 29 454 теңге;
  • үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 33 952 теңге;
  • төртінші және одан көп балаға – 8,90 АЕК немесе 38 493 теңге.

Мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасыларға қолдау

Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға, бала асырап алушыларға немесе қамқоршыларға ай сайын мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Қазіргі таңда оның мөлшері 81 871 теңгені (1,61 ең төменгі күнкөріс деңгейі) құрайды.

Көпбалалы аналарға арналған төлемдер

Мемлекет көпбалалы аналарды да ерекше қолдайды. «Алтын алқа» немесе «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған, сондай-ақ бұрын «Батыр Ана» атағын алған немесе І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған аналарға табысына қарамастан ай сайын мемлекеттік жәрдемақы төленеді.

Атап айтқанда:

  • «Күміс алқа» алқасымен марапатталған аналарға – 27 680 теңге (6,4 АЕК);
  • «Алтын алқа» иегерлеріне, «Батыр Ана» атағын алған және «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған аналарға – 32 005 теңге (7,4 АЕК).

Көпбалалы отбасыларға төленетін жәрдемақы

Бірге тұратын төрт және одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар көпбалалы отбасыларға арнайы мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады. Оның мөлшері отбасындағы балалар санына қарай белгіленеді.

Мысалы:

  • 4 баласы бар отбасыларға – 69 330 теңге (16,03 АЕК);
  • 5 баласы бар отбасыларға – 86 673 теңге (20,04 АЕК);
  • 6 баласы бар отбасыларға – 104 017 теңге (24,05 АЕК);
  • 7 баласы бар отбасыларға – 121 360 теңге (28,06 АЕК);
  • 8 және одан да көп баласы бар отбасыларға – әр балаға 4 АЕК, яғни 17 300 теңгеден төленеді.

Жәрдемақылар жыл сайын ұлғайтылып отырады

Мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейі мен айлық есептік көрсеткішке байланысты белгіленеді. Сондықтан олар жыл сайын инфляция деңгейін ескере отырып қайта қаралып, көбейтіліп отырады.

Мәселен, 2026 жылдың басынан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 10 пайызға артты.

Министрліктің мәліметінше, балалы отбасыларды қолдау жүйесін одан әрі дамыту елдің әлеуметтік-экономикалық мүмкіндіктерін ескере отырып кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.

Көпбалалы және жалғызбасты аналарды қолдау қалай жүзеге асады?

Қазақстанда ананы, әкені және баланы қорғау мәселелері бірқатар заңнамалық құжаттармен реттеледі.

Атап айтқанда «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» және Әлеуметтік кодекстері, «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» заң, сондай-ақ басқа да нормативтік-құқықтық актілер негізінде жүзеге асырылады.

Отбасыларды әлеуметтік қолдау жүйесі әртүрлі өмірлік жағдайларды ескереді.

Мысалы мемлекеттік қолдау:

  • жаңа туған баласы бар отбасыларға;
  • 1,5 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларға;
  • көпбалалы аналар мен көпбалалы отбасыларға;
  • мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасыларға;
  • аз қамтылған отбасыларға;
  • асыраушысынан айырылған отбасыларға;
  • сондай-ақ қамқоршылық немесе қорғаншылыққа бала алған азаматтарға көрсетіледі.

Бұл ретте әлеуметтік қолдау көрсету кезінде негізгі критерий ата-ананың мәртебесі емес, отбасында баланың болуы.

Осылайша Қазақстанда аналарды қолдауға бағытталған мемлекеттік шаралар барлық отбасыларды қамтиды. Яғни ата-анасының әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, балалы отбасыларға мемлекеттік қолдау бірдей мөлшерде көрсетіледі.

Наверх