Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Бала тілі неге кеш шығады?

13 Шілде 2025, 20:34
905
Бөлісу:
 BAQ.KZ коллаж
Фото: BAQ.KZ коллаж

Баланың тілі уақытында шықпауы – кез келген ата-ананы алаңдататын мәселе. Мамандар бұл құбылысты ішкі және сыртқы екі түрлі фактормен байланыстырады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Логопед-дефектолог Айгерім Тынышбекқызы бұл факторлардың аражігін түсіндіріп берді.

Ішкі факторлар – ананың жүктілік кезіндегі денсаулығына тікелей тәуелді. Мәселен, болашақ ананың инфекциялық ауруларға шалдығуы, анемия, күшті токсикоз, күйзеліс пен стресс – мұның бәрі құрсақтағы баланың жүйке жүйесінің дамуына әсер етеді. Туу сәтінде орын алатын асфиксия, гипоксия, кіндікке оратылу, босану жарақаттары да баланың жалпы дамуын тежеп, тілінің кеш шығуына себеп болуы мүмкін.

Сыртқы факторлар – әлеуметтік орта мен ата-ананың балаға деген қарым-қатынасынан көрініс табады. Бүгінгі таңда көптеген үйде теледидар мен гаджеттер үздіксіз жұмыс істейді. Ал ата-ана баламен «тірі» дауыс арқылы сөйлеспейді. Осы кезде бала сөйлеудің орнына тек фоновый шуды қабылдайды. Сонымен қатар баланы шамадан тыс еркелету, бар қажеттілігін алдын ала орындап отыру да өз бетінше сөйлеуге ынтасын жояды. Бұған қоса, баланың жеткілікті түрде дұрыс тамақтанбауы, дәрумен жетіспеушілігі де маңызды рөл атқарады.

 

Тіл дамуы – кезең-кезеңімен қалыптасатын үдеріс

Бала тілінің дамуы – бір сәттік емес, жүйелі үдеріс. Ол жас ерекшелігіне қарай бірнеше сатыдан өтеді:

Жаңа туған нәресте дыбыстарға елеңдеп, жылау арқылы қажеттіліктерін білдіреді.

3-6 ай аралығында гуілдеп дыбыстау пайда болады («агууу», «гууу»).

6-9 айында былдыр сөздер айтыла бастайды («ма-ма», «па-па»).

9-12 айында алғашқы қарапайым сөздер айтылады («апа», «ата», «бер»).

1 жасында бала:

қарапайым өтініштерді түсінеді,

ойыншықтардың атауын ажыратып, сұралғанын әкеліп береді,

сюжеттік ойын әрекеттерін орындайды (мысалы, «мысыққа сүт бер», «бөпені тербет»).

2 жасында:

сөздік қоры 50-ге жуық сөзден тұрады,

екі сөзден құралған сөйлемдерді құра алады,

өз есімі мен жақындарын таниды, толық айтпаса да жеткізе алады.

3 жасында:

сөздік қоры 250-500 сөзге дейін артады,

үш сөзден тұратын сөйлемдерді қолдана бастайды,

зат есім мен етістіктердің көпше түрін меңгереді.

4 жасында:

ана тілінің грамматикалық құрылымын меңгеріп болады,

төрт сөзден тұратын сөйлемдерді дұрыс құрастырып сөйлейді.

5 жасында:

өз ойын толық әрі анық жеткізетін тілді еркін меңгереді.

 

Сөйлеудің кешеуілдеуі неге қауіпті?

Тіл дамуының кешеуілдеуі көбіне жүйке жүйесінің дамуымен байланысты. Себебі сөйлеу – жоғары психикалық функция, яғни адамның ми құрылымымен тығыз байланысты күрделі процесс, - дейді маман.

 

Ата-ана ненің белгісіне назар аударуы тиіс?

Егер бала тілі шықпай жатса, ең алдымен мына белгілерге мән беру қажет:

Есту қабілеті: қатты дыбысқа шошып қарай ма? Аты аталғанда бұрыла ма?

Моторика: қимыл-қозғалысы жасына сай ма?

Көру байланысы: көзге тіке қарай ма, назар аудара ма?

Әлеуметтік қарым-қатынас: басқа балалармен ойнай ма, жоқ әлде өзінше оқшау ма?

Ым-ишара: тілмен жеткізе алмаса да, қолымен бірдеңе түсіндіре ала ма?

Егер осы белгілердің басым бөлігі байқалмаса, мазасыз, агрессиясы басым болса,  дереу маманға жүгінген жөн.

 

Психологтар не дейді?

Балалар психологы Гүлнар Мадиярқызы бала сөйлеуінің дамуы алдағы өміріне тікелей әсер ететінін алға тартты.

Бала сөйлеуінің дамуына әсер ететін негізгі факторлар эмоциялық және тікелей ықпал етеді. Стресс, үрей, араласудың жетпеуі, өзін-өзі төмен бағалау мен ересектер тарапынан көңіл бөлмеу – бала сөйлеуінің дамуын тежеуі әбден мүмкін. Психологиялық факторлардың бірі – баламен сөйлеспеу. Егер ата-ана баламен сөйлеспесе, стрестік жағдай болып немесе бала қатты қорқып қалса, психологиялық травма алса да баланың дамуы кешеуілдейді. Баланың тілі уақытында шықпаса, өзге балалармен араласуы қиындап, әлеуметтену проблемаларына алып келуі ықтимал, - деп түсіндірді психолог маман.

Сонымен қатар дәрігер баланы шектен тыс еркелету де оның дамуына кері әсерін тигізетінін жасырмады.

Сөйлеу дамуының тежелуі психологиялық, сондай-ақ биологиялық тұрғыдан болуы мүмкін.

Проблеманы неғұрлым ертерек анықтап, логопед, психологқа ертерек жүгіну баланы дамытуға, тілінің шығуына тезірек көмектесетінін естен шығармаған дұрыс.

 

Есту мен сөйлеу – егіз ұғым

Тіл дамуының артта қалуы көбіне естудің бұзылуымен тікелей байланысты. Себебі бала қоршаған ортадағы дыбыстарды естімесе, оларды түсінбейді де. Демек, сөйлеуді үйрену үшін есту аппараты толық жұмыс істеуі қажет. Айналасынан әртүрлі дыбыс есту – баланың тіл қорының көбеюіне жол ашады.

Баланың тілі кеш шығып жатса, бұл – ескерусіз қалдыруға болмайтын маңызды дабыл. Мұндайда уақыт жоғалтпай, невролог, логопед, педиатр, сурдолог секілді мамандардың көмегіне жүгіну керек. Ерте диагностика мен дұрыс бағыт – баланың болашақта еркін, анық сөйлеп кетуінің кілті.

Өзгелердің жаңалығы