Қазақстан халқы ассамблеясының ХХХІІ сессиясында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бала тәрбиесі күн тәртібіндегі өзекті мәселе екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ел тұрақтылығының негізі татуылық пен келісім құндылықтарын өскелең ұрпақ бойына сіңіру негізгі міндет. Осы тұрғыда Ғани Бейсембаев бала тәрбиесіне ерекше тоқталды.
Бала тәртібі күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселе. Бала өміріміздің жалғасы. Қоғамның ертеңгі азаматы. Бала өміріне аса қамқорлықпен қарау адамзаттың басты міндеті. Ал, ұрпақ тәрбиесі бәрінен де маңызды,- дейді Ғани Бейсембаев.
Министрдің айтуынша, бала бойында бауырмалдық, мейірімділік, ізгілік секілді қасиеттерді арттыру керек. Толеранттық пен келісім құндылықтары адамның ар-ожданын, елжандық, отансүйгіштік ізгілік қасиеттеріне тұғыр болады.
Бала тәрбиесіне байланысты биылғы жылдан бастап ата-аналарға педагогикалық- психологиялық көмек беру мақсатында мектептерде ата-аналар академиясын құру туралы тапсырма берілген.
Бала тәрбиесіндегі отбасы институты рөлін және мектеп пен отбасы арасындағы ынтымақтастықты, отбасы құндылықтарын дәріптеп, ұрпақтар сабақтастығын нығайту мақсатында ата-аналар мектебі, әкелер мен аналар мектебі сияқты бастамалар жүзеге асырылып жатыр. Педагогикалық-психологиялық көмек бала тәрбиесіне жақсы көмек береді. Оқу-ағарту министрлігі оқушылардың сапалы білім, саналы тәрбие мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бар күш жігерін салып жүр. Бала тәрбиесінде ата-аналар мен бірге бүкіл қауымдастықтың жұмыс істеуі аса маңызды. Бұл ретте ассамблеяның да күш жігер, тәжірибесі өте үлкен көмек болады,-дейді министр.