Шымкенттің Қаратау ауданындағы Тұран шағынауданында алты жасар бала су жиналған шұңқырға құлап, көз жұмды. Қайғылы оқиға 12 сәуір күні №10 көшеде орын алған. Осы оқиғаға байланысты қала әкімдігі бірқатар лауазымды тұлғаларға тәртіптік шаралар қолданғанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шымкент қаласы әкімінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен инфрақұрылымға жетекшілік ететін орынбасары сөгіс алды. Энергетика және инфрақұрылымдық даму басқармасының басшысына қатаң сөгіс жарияланды. Қаратау ауданының әкімі Рахманбек Мүлкеманов атқаратын қызметінен босатылды.
Әкімдіктің мәлімдеуінше, Мүлкемановтың отставкасына осы оқиға ғана емес, бұған дейін анықталған жұмыстағы кемшіліктер де себеп болған.
Сонымен қатар, күтіп-ұстау және абаттандыру жұмыстарымен айналысқан мердігер ұйымдардың басшыларына қатысты тергеу жүргізілуде. Іс материалдары тергеу аяқталған соң сотқа жолданады.
Шымкент әкімдігі қайғылы жағдайға қатысы бар әрбір тұлға заң аясында жауапкершілікке тартылатынын атап өтті.