Bala Qorgau телеграм-ботына 500-ден астам өтініш түсті

11 Шілде 2022, 12:17
1217
Бөлісу:
Bala Qorgau телеграм-ботына 500-ден астам өтініш түсті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.Балалар құқықтарын қорғау комитетінің Bala Qorgau телеграм-ботына 500-ден астам өтініш түсті. 

Сұрақтардың басым бөлігі отбасындағы жанжалдарға, балалар мен педагогтер арасындағы қарым-қатынасқа, көп балалы отбасыларға берілетін жәрдемақыларға, буллинг және жазғы демалысты ұйымдастыруға қатысты болды. 

Өтініш бергендердің барлығына түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қажетті педагогикалық, психологиялық және басқа да көмектер көрсетілді.

Мысалы, әкесінен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған баланың анасының өтініші бойынша Алматы облысында тұратын отбасына қамқоршылық органдары, аудан әкімдігінің қызметкерлері және полиция қызметкерлері шұғыл түрде жөнелтіліп, жағдай бақылауға алынды.

Тағы бір жағдай: жас ана телеграм-ботына әкесі немерелерін шетелде тұратын туған әкесіне жібермей жатқанын айтып, көмек сұрады. Мәселені қалай шешерін білмеген ана мамандардың көмегіне жүгінген. Қамқоршылық органдары департаменттермен бірлесіп қажетті шараларды қабылдады. Осыдан кейін жас отбасы қайта қауышты.

Біз өтініш берушілердің сұрақтарына мүмкіндігінше жылдам жауап беруге тырысамыз. Түскен өтініштер бойынша ата-аналар мен балаларға құқықтық және психологиялық көмек жетіспейтінін байқауға болады. Әрбір өтінішті пысықтап, қажетті көмек көрсетіп, барлық мән-жай анықталып, жағдай толық шешілгенше әр жағдайды ерекше бақылауда ұстаймыз. Әр өтініш 24/7 форматында шұғыл түрде қаралады. Жылдам жауап бергеніміз үшін оқырмандардан алғыс хаттар да келіп жатады. Телеграм-чат балалардың құқықтарын бұзу, кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық немесе қатыгездік көрсету жағдайларын жылдам анықтауға және шешуге көмектеседі, - деді Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Элина Паули.

Телеграм-чат арқылы оқушылар арасындағы буллинг фактісі де анықталды. Bala Qorgau telegram-ботына кішкентай бойы мен ерекше келбеті үшін сыныптастарының мазағына қалған оқушыдан ақпарат түсті. Мамандар баламен және оның сыныптастарымен әңгімелесті және жанжал шешілді.

Балаларға психологиялық қолдау қажет. Көптеген ата-ана жұмыстан қолы босамайды және балаларына көп уақыт бөле бермейді. Сол себепті ата-аналардан балаларына көңіл бөліп, әңгімелесуін, олармен жақын болуын сұраймыз. Осылайша қайғылы жағдайларды болдырмауға болады», - деп түсіндірді Элина Паули.

Сондай-ақ телеграм-чатқа мектепте оқушылар арасындағы ақша талап ету жағдайларына қатысты өтініштер түседі. Мысалы, телеграм-чатқа облыстардың бірінен 11-сынып оқушысы хабарласты. Комитет өкілдері оқушылар арасында қажетті жұмыстарды жүргізіп, педагогтердің назарын осы мәселеге аударды. Нәтижесінде бұл мәселе шешілді.

Балалардың құқықтарын қорғау комитеті өтініш берушінің барлығына құқықтық және психологиялық қолдау көрсетеді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады.

Өзгелердің жаңалығы