Атырау, BAQ.KZ тілшісі. «Ана үйі» қоғамдық қорының жанынан ашылған «Асырап алуға қолдау көрсету орталығы» деп аталатын маңызды әлеуметтік жоба аясында бала асырап алғысы келетін жандарға қолдау жасалады.
Еліміздегі ірі кәсіпкерлердің қолдауымен ашылған орталықтың негізгі мақсаты – балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндердің қатарын азайту және балалар мүддесін қорғайтын мемлекеттік саясатты жүзеге асыру. Бұл жоба Атырау облысында 2017 жылдың ақпан айынан бастап қолға алынған.
Орталық мамандары бала асырап алуға ниеттілерге құқықтық, психологиялық көмек көрсетіп, құжаттар пакетін жасақтауға жәрдемдеседі. Мамандар көмегіне жүгініп, асырап алушылар мектебінен өткен біраз ата-ана бүгінде асырап алу процесін оң нәтижемен аяқтап, балапандарды бауырларына басқан.
«Қазір бізде қатарынан екі немесе үш баланы қабылдауға дайын үміткерлер пайда болды. Бұрын сұраныс әдетте бір балаға және бір жасқа дейінге бүлдіршінге көбірек болатын. Ал қазір асырап алушы ата-аналарға арналған мектеп жұмысының нәтижесінде көптеген азаматтар екі немесе үш балаға дейін қабылдауға дайын екендіктерін айтуа. Сонымен қатар, тек бір жасқа дейінгі бүлдіршіндерді ғана емес, жасы үлкен балаларды да асырап алуға тілек білдірушілер көбейді», - дейді бала асырап алу жөніндегі Ұлттық агенттік маманы Әсел Әбденова.
Қазақстан бойынша 2016 жылдан бері орталық көмегімен 686 асырап алушы ата-ана 991 баланы өз отбасыларына қабылдаған. Соның ішінде Атырау облысы бойынша 30-ға жуық отбасы бала асырап алған. Қазіргі таңда еліміздің 17 қаласында бала асырап алу мәселесі бойынша кеңес кабинеттері мен асырап алу мектептері қызмет етеді.