Бала алдында ата-ана жауапкершілігін сезінуі қажет – суицидиолог

3 Қазан 2024, 09:47
458
Бөлісу:
Бала алдында ата-ана жауапкершілігін сезінуі қажет – суицидиолог
Фото: автордан

Биыл Жетісу өңірінде балалардың өзіне қол салғандығы туралы 4 факті тіркелген. Аяқталмаған суицид жасаған балалардың ата-аналары тіркеуге қарсы болған. Осы ретте біз облыстық психикалық денсаулық орталығының балалар бөлімінің меңгерушісі, психиатр, суицидиолог Бейбіт Мұстафаны әңгімеге тарттық, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бейбіт Жаппарұлы, балалардың өзіне қол салуының негізгі себебі неде?

Балалардың өзіне қол салуының түпкі себебін анықтау әзірге мүмкін емес. Егер аяқталған суицид болатын болса, бала өзіне қол салар алдында хат немесе арнайы қолжазба қалдырып кетеді. Сол кезде мамандар осы әрекетке баруының себебін анықтай алады. Ал айтып кетпеген жағдайда біз нақты оқиғаға не түрткі болғанын ашып айта алмаймыз. Әрине, осы саланың маманы ретінде бірнеше факторларды алға тартуға болады. Мәселен, әлеуметтік, отбасылық және индивидуалды тұлғалық пен психикалық денсаулық факторлары болып үшке бөлінеді. Бұлардың әрқайсысы жеке-жеке зерттеуді қажет етеді.

Осы ретте әрқайсысына жеке тоқталып өтсеңіз?

Біріншіден әлеуметтік, отбасылық факторларға әуелі отбасының ауыр әлеуметтік жағдайын жатқызамыз. Яғни балалар мен жасөспірімдер арасындағы қоғамның аз қамтылған топтары, табысы төмен отбасылар, жәрдемақы алу үшін өмір сүретін кедейлік жағдайындағы отбасылар және өмір сүруі үшінші тұлғаларға байланысты адамдар көбіне суицидке барады. Одан кейін ата-анасының баланың пікіріне қарамай ажырасу оқиғасы да бір себеп болып табылады. Ата-анасы ішкілікке салынған немесе ауыр наркотикалық заттарды қолданатын болған жағдайда балалар өмірінің мәнін жоғалтады. Одан бөлек әулетінде қандай да бір адам өзіне қол салған болса, онда сол отбасының баласы да суицид жасауы ықтимал. Бұл оқиға магниттік құпияға толы. Отбасындағы жанжалдар да әсер етпей қоймайды. Бала мен ата-ана арасындағы қарым-қатынас бұзылса да қиын. Ал индивидуалды тұлғалық факторға келер болсақ, қазір біз депрессияға толы XXI ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан бұл бағытқа балалардың сексуалды ориентациясын жатқызамыз. Яғни баланың қоғамнан жырақ өмір сүруі. «Бізді ешкім түсінбейді, бұл қоғам бізге арналмаған болуы мүмкін» деген ойда болуы. Психикалық денсаулық факторлары баланың санасындағы ауытқу, яки жас тұлға арнайы тіркеуде тұруы мүмкін. Туысынан сондай әрекетке бейім келуі, санасының толық жетілмеуі, бойынан психологиялық ауытқудың байқалуы түрткі болады.

Баланың бойынан суицидке бой алдыру әрекеті білінсе немесе соған бейім тұрған оқушыны қалай алдын ала байқауға болады?

Ең бірінші баланың мінез-құлқы күрт өзгереді. Соңғы заттарын жинастырып жатады. Бала өзіндегі қымбат заттарын достарына ешқандай себепсіз тарата бастайды. «Мынау менің телефоным», «Мынау менің сүйікті кітабым немесе сүйікті плеерім» деген секілді бағалы құрал-жабдықтарын, киімдерін, бұйымдарын тарата бастаса, суицидке бой алдыру әрекеті білінеді. Бұрын араз болған адамдарынан аяқастынан кешірім сұрап, бірден татуласып кетсе, ұйқысы бұзылса, тамақ мүлдем ішпесе, ешнәрсеге тәбеті болмаса, өзін кінәлі сезініп, өзін-өзі жек көріп жүрсе, агрессиясы болса немесе гиперактивті болса, сабақтан себепсізден себепсіз қалатын болса біз осы оқушылардан суицид белгілерін байқаймыз. Бұл жерде ата-ананың жауапкершілігі, баламен қарым-қатынасының тығыздығы әсер етеді. Әлеуметтік желідегі түрлі ойындар әлі түсінігі толық қалыптаспаған баланың ойын бұзуы әбден мүмкін. Сондықтан үйдің үлкендері балаға көңіл көбірек бөлуі қажет. Қазір осы тәрбие мәселесі өте-мөте өзекті тақырыпқа айналып тұр. Бала алдында ата-ана жауапкершілігін сезінуі қажет.

Ата-ана дегеннен шығады, балалар психологиялық ауытқуға түскен кезде олар қандай әрекет етуі қажет?

Ата-ана баласы күйзеліске түскенін байқаса, онымен барынша тереңірек сенімділік ара-қатынас орнату керек. Бұрынғыдан да жақын, бұрынғыдан да тығыз байланыс орнатқаны абзал. Кейде бала толық отбасында өмір сүрсе де өзін жалғыз сезінуі мүмкін. Себебі отбасылық диалог, қоғаммен коммуникация үдерісі үнемі болмағандықтан, шеңберден шыға алмайды, жабық болады. Одан бөлек мектептің психологына, болмаса ауруханаға апарып баланы көрсеткен дұрыс. Біздің орталыққа да әкелсе болады. Тәжірибелі мамандар оқушылармен жұмыс істейді. Қазір түрлі ойындар немесе буллинг секілді жағымсыз әрекеттер белең алып барады. Бұл да баланың психикасына әсер ететін құбылыс. Заман барынша түрленген сайын балалардың ойлау қабілеті де ерекшелене түседі. Бірі күйзеліске бейім келсе, бірі бірден ашылып, қоғамның ортасына еркін кіріп кетеді. Сондықтан кез келген ата-ана баласына қамқорлық танытып, досындай сырласқаны тиімді.

Күйзеліс жайлы айтып қалдыңыз, осы балалар депрессиясы деген бар ма?

Әрине, қазір қоғамды алаңдатып отырған осы мәселе. Балалар депрессиясы суицидке алып келетін үлкен белгі болып саналады. Оның ақыр аяғы өзіне қол салуға итермелейді. Бізде 12-16 жас аралығында жиі кездеседі. Оның негізгі клиникалық белгісі көңіл-күйінің болмауы, яғни ынтасы, өмірге деген құлшынысы жоғалады. Бұрын күліп-ойнап жүрген бала тұйықталып, телефонына да үңілмей, тамаққа деген зауқы соқпайды. Одан бөлек мұндай балалардың қимыл-іс әрекеті баяулай түседі. Сабаққа тұруы қиындайды, қандай да бір серуенге шығып жүретін болса, оны да тоқтатады. Егер спорт секцияларына барып жүрген болса, оны да аяқтайды. Сондай жағдайда балалардың күйзелісіне күдік келтіреміз. Көбінесе балалар депрессиясынан бөлек қазір "селфхарм" деген бар. Ол адам өзіне ауыр зат істеу, өзінің қолын тілу, т.б. Өзіне ауыр жарақат салғанда жаны тынышталады. Ондай да балалар бар. Жасөсіпірімдер арасында белең алған ойын секілді дүние. Бір жағы мақтанышпен сол әрекетке барады.

Облыстағы ахуал қалай? Қанша бала тіркеуде тұр?

Бүгінде облыстағы ахуал көңілге қонымды емес. Жыл басынан бері 33 аяқталған суицид факторы тіркелген. Соның ішінде 4-еуі кәмелет жасқа толмаған балалар болып отыр. Бізде консультативті немесе динамикалық тіркеуге алынған балалар жоқ. Себебі ата-аналарының рұқсатынсыз біз мәжбүрлі түрде тіркеуге ала алмаймыз. Аяқталмаған суицид жасаған балалардың ата-аналары тіркеуге қарсы болған. Оларға біз өз тарапымыздан ешқандай айып таға алмаймыз. Дегенмен баланы қадағалап отыруды тапсырамыз.

Әңгімеңізге рақмет!

Өзгелердің жаңалығы