Бұл туралы бүгін өткен Мәжілістің жалпы отырысында мәжілісмен Айжан Сқақова депутаттық сауалында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Балалар проблемасы мен онымен байланысты ана болу мәселесі орталық құзыретті мемлекеттік органдардың назарында болуы тиіс. Әлеуметтік көмектің жеткіліксіз мөлшерде екенін көріп отырмыз. Бірақ адами капиталға инвестиция жасау идеологиясына негізделген ана болу мен балалықты дамытудың тұжырымдамасы мен қағидатқа сай жаңалықтарын көрмей тұрмыз. Балалар кедейлігі проблемасына жауап пен ұсыныс жоқ! – деп атап өтті мәжілісмен.
Сонымен қатар ол «Қазақстан халық партиясы» фракциясы бұған дейін де бұл мәселені бірнеше рет көтергендерін айтты.
Бірақ балалар кедейлігін жоюға арналған Ұлттық стратегия немесе бағдарлама түріндегі нақты шешім жоқ! Оның үшіне, миллиондаған қазақстандық бала кедейліктің шегінде қалып отыр. Елдегі әр алтыншы бала – кедей. Бұл ЮНИСЕФ-тің құрғақ сандары ғана! Бірақ бұл құрғақ санның артында миллиондаған кішкентай тұрғындарымыздың тағдыры жатыр, - деп дабыл қақты Айжан Сқақова.
Айтуынша, табиғи байлық түріндегі ұлттық табысты халыққа әділ бөлу қажет.
Табиғи байлық түріндегі ұлттық табыс қоғамның барлық өкілдеріне, соның ішінде бірінші кезекте, болашағымыз – балаларға бөлінуі тиіс. Жәрдемақы түріндегі төлем беру арқылы қолдау негізгі қажеттіліктерді қамтамасыз ету үшін қажет және балалық шақты әлеуметтік қорғаудың толықтай шарасы емес. Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, елдің ертеңі – балаларымызды дамыту – адами капиталға ұзақ мерзімге салынған инвестиция, - деді.
Сондай-ақ ол Балалар жылында Президенттің бастамасымен қолға алынған «Ұлттық қор – балаларға» жаңа бағдарламасын тілге тиек етті. Сонымен қатар фракция депутаттарының атынан ұсыныс білдірді.
Ана мен баланы дамытуды ұлттық басымдылық деп жариялау керек. «Бала мен ананы дамыту инвестициясы» ұлттық жобасын қабылдау.
Осы жобаның бірінші кезеңі – балалар кедейлігін жоюға бағытталған ұлттық бағдарламаға айналуы тиіс. Бала күтіміне байланысты төленетін жәрдемақыны бала 3 жасқа толғанша ұзарту. Бала 18 жасқа толғанша төленетін әмбебап жәрдемақы енгізу. Балалардың тұтынушылық себетін әзірлеу және енгізу, сол арқылы өміршең, физиологиялық, оқу-ағарту, әлеуметтік, мәдени және өзге де қажеттіліктерін қамту. ArtSport балалардың спорт секциясын қаржыландыру бағдарламасын толықтай аяқтап, қалпына келтіру үшін шаралар қабылдау керек, - деді депутат.