Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Балқаш қаласының боксшысы Ерасыл Ермек жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында жеңімпаз атанды, деп хабарлады Балқаш қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Құрлық біріншілігі Біріккен Араб Әмірліктерінің Фуджейра қаласында өтті. Турнирге әлемнің 26 елінен 239 спортшы қатысты.
"Ерасыл Ермек 57 кг дейінгі салмақта өнер көрсетіп, төрт жекпе-жек өткізді. Қазақстандық Тайпей (4:1), Иран (5:0) және Қытай (3:2) қарсыластарынан басым түсіп, финалға шықты. Ақтық кездесуде Өзбекстаннан келген боксшыны 5:0 есебімен жеңіп, алтын медальға қол жеткізді", - делінген хабарламада.
Чемпионды туған жерінде құрметпен қарсы алды. Қала әкімі Ораз Тәуірбеков боксшыға алғыс хат пен 300 мың теңге көлемінде сертификат табыс етті. Оның жаттықтырушысы Амангелді Мақаналин да алғыс хат алды.
Ерасыл Ермек – Қазақстан Республикасының спорт шебері. Бокстан Қазақстан құрамасының мүшесі. 2019 жылы Болгария мен Сербияда жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнирлерде алтын медаль алды.
Алты жастан бастап бокспен айналысады. Қазіргі таңда ол спорт пен оқуын бірге алып келе жатыр. Ерасыл А. Мусин атындағы Балқаш гуманитарлы-техникалық колледжінің студенті.
Амангелді Мақаналин – КСРО спорт шебері, жоғары санатты жаттықтырушы, АИБА бокс бойынша халықаралық төрешісі.