Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Балқашта қалалық соттың фронт-кеңсесі ашылды. Мұнда келушілерге мамандар кеңес береді және қажетті көмек көрсетеді. Жаңа нысанда азаматтарды қабылдау үшін барынша қолайлы жағдайлар жасалған, деп хабарлады karaganda-region.gov.kz.
Жаңа жұмыс форматын енгізу азаматтардың сот жүйесіне деген сенім деңгейін арттыруға, сотқа жүгіну кезінде әкімшілік кедергілерді жоюға мүмкіндік береді, деп атап өтті Қарағанды облыстық сотының төрағасы Нұрсерік Шәріпов.
"Басты мақсат - сот қызметінің ашықтығы мен мөлдірлігін қамтамасыз етіп, азаматтарды қабылдау бойынша қолайлы жағдай жасау", - деді ол.
Фронт-кеңсе ақпараттық орталықты, күту залын, кіріс хат-хабарлар мен өзіне-өзі қызмет көрсету аймағын, азаматтық істерді қарауға арналған сот отырысы залын қамтиды. Бұл жерде медиаторлар мен адвокаттарға арналған жеке кабинеттер бөлінген.
Өзіне-өзі қызмет көрсету секторында азаматтар «Сот кабинеті» АЖ қызметін еркін пайдалана алады. Сонымен қатар WI-FI өткізіліп, гаджеттер үшін зарядтау құрылғылары орнатылған.
Жаңа фронт-кеңседе облыстық сот төрағасы азаматтарды қабылдады. Осындай фронт-кеңселер Қарағанды, Шахтинск, Абай, Осакаров ауданының соттарында жұмыс істейді. Облыста олардың желісі әлі де ұлғаяды.