Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Соңғы жылдары Қазақстанға релокация туралы шешім қабылдап жатқан шетелдік компаниялар мен мамандар көбейіп келеді. Мәселен, танымал inDriver такси агрегаторы өз командасының негізгі бөлігін біздің елге әкелген.
Бұл орайда ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин шетелдік компаниялардың Қазақстанға қоныс аударуына қатысты ойымен бөлісті.
«Әлемдік деңгейдегі компаниялар мен мамандарды қабылдау біз үшін тиімді. Оларға мүмкіндік беру арқылы өзімізге де қолайлы жағдай қалыптастырамыз: шетелдік мамандармен тәжірибе алмасу және қазақстандықтар үшін жұмыс орнын көбейту», - деді Бағдат Мусин.
Оның айтуынша, қазір Хабта 641 ІТ-компания тіркелген, соның ішінде 70-сінде шетелдік құрылтайшылар. Бүгінгі таңда жақын шетелдің 468 компаниясы Қазақстанға релокация бойынша бізден кеңес алып жатыр.
Сондай-ақ министр неліктен шетелдік компаниялар Астана Хабты, яғни Қазақстанды таңдап жатқанын түсіндірді. Біздің елде ІТ–салаға арнайы салық тәртібі, заманауи инфрақұрылым, визалық қолдау және тағы басқа жағдай жасалған.
«Біріншіден, ХАБта тіркелген компаниялар салық төлемейді. ІТ-компаниялар бұл жеңілдікті 4 жылдан бері пайдаланып келеді, ал көрші елдер мұндай жеңілдікті жуырда ғана енгізген. Сонымен қатар инфрақұрылымды нарықтағыдан төмен бағаға ұсынамыз. Үшіншіден, ІТ-ХАБта тіркелген компаниялардың жұмысшылары үшін виза алу мен миграциялық процестер жеңілдетілген» - деді Б. Мусин.
Оның үстіне ХАБ-тың өзі стартаптың бастама кезеңінде 40 мың долларға дейін салады, бұл ретте инвестиция құюға тұрарлық стартаптарды табу мақсатында түрлі іс-шараларды жиі өткізеді. Ең қызықты бастамаларды дамытуға 10 млн долларға дейін бөлінеді.
Акселерация курстарына тегін қолжетімділік, әлемнің кәсіби менторларынан тәлім алу, TechOrda бағдарламасы бойынша инновациялық ІТ-мектептерде білім алу, заңды тұлғаны eGOV арқылы онлайн тіркеу мүмкіндіктері де қарастырылған.
Айта кету керек, Қазақстанда ІТ-бизнесті іске қосу және релокация мәселелері бойынша телеграм-чат ашылған. 3 мыңнан астам қатысушысы бар чатта түрлі сауалдарға ХАБтың мамандары ғана емес, министрдің өзі де жауап береді.