Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев "Бағанашыл" балалар үйінде шыққан шуға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы вице-премьер Үкімет үйінде өтіп жатқан баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
БАҚ өкілдері: "Президентке дейін жеткен балалар үйіндегі шудан соң Оқу-ағарту министрі, әкімдіктегілер жұмысынан босатыла ма? Нақты қандай шара қолданасыздар?" деп сұрады.
Менің құзыретімде емес қой. Шешетін, шешім қабылдайтын адамдар бар. Ондай шешімді (отставкаға кетіру – ред.) мен қабылдамаймын, - деп қысқа қайырды Ермек Көшербаев.
Айтуынша, Үкімет деңгейінде мәселе талқыланып жатыр.
Комиссия жібердік. Келген соң бәрін тексереміз. Қараймыз. Өздеріңіз байқадыңыздар ғой, мен Алакөл мен Балқаштағы демалыс аймақтарын тексеріп келген соң бәрін қарастырып, одан кейін ғана Үкімет басшысына тиісті ақпарат бердім. Сол ақпаратқа сәйкес, бәріне сөгіс жарияланды. Сөгіс бергенмен, белгілі бір мерзімде тиісті шаралар қолданылып, орындалмаса, орнынан босатылады, - деді Премьер-министрдің орынбасары.
Еске салайық, Алматыдағы балалар үйінің тәрбиеленушілерін еркінен тыс көшіріп жатқан видео тарады.
Бұл іске Президент араласып, балалар үйін Алматыдан Қонаев қаласына көшіруге тыйым салды.
Содан кейін ол жерге Президент әкімшілігінің комиссиясы барды.