Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері қорғаныс ведомстволары арасындағы екі жақты әскери ынтымақтастық шеңберінде Нұр-Сұлтан қаласына гуманитарлық көмек жеткізілді.
Гуманитарлық көмек ҚР Қорғаныс министрлігінің медициналық мекемелеріне, әскери госпитальдары мен лазареттеріне арналған.
Жүктің жалпы салмағы 18 тоннадан асады. Гуманитарлық көмекке реанимобиль, өкпені жасанды желдету аппараттары, капнографтары бар төсек жанындағы мониторлар, экстракорпоралды мембраналық оксигенация аппараттары және басқа да жабдықтар кіреді.
Сонымен қатар ПТР зертханаларын ерекше атап өткен жөн. Онда жабдықтардан басқа жаңа лазерлік қан анализаторы сынақтан өткізіледі. Оларды орнату үшін Қазақстанға БАӘ-ден екі маман жіберілмек.
Бұған дейін әмірліктер тарапының бастамасы бойынша қазақстандық әскери дәрігерлер Абу-Даби қаласындағы әскери госпитальде осы зертханаларды пайдалану бойынша теориялық және тәжірибелік оқытудан өткен болатын.