БАӘ астероидтарды зерттейтін ғарыш аппаратын жасап жатыр

Ғарыш миссиясын 2028 жылы ұшыру жоспарланған. Зонд 269 Юстиция астероидын жақыннан зерттеп, суретке түсіреді.

 thenationalnews.com 18 Қазан 2026, 20:55
18 Қазан 2026, 20:55
105
Фото: thenationalnews.com

Біріккен Араб Әмірліктерінде астероидтар белдеуін зерттеуге арналған ғарыш зонды мен электр қозғалтқыш қондырғысының технологиялары әзірленіп жатыр. Ғарыш миссиясын 2028 жылы ұшыру жоспарланған.

WAM агенттігі таратқан ақпаратқа сәйкес, жобаны Абу-Дабидің озық технологиялық зерттеулер кеңесіне (ATRC) қарасты Технологиялық инновациялар институты (TII) жүзеге асырып жатыр.

Агенттік мәліметінше, институт озық ғарыш технологияларын әзірлеуді, арнайы сынақ кешендерін құруды және жергілікті ғалымдар мен инженерлерді даярлауды біріктіретін ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын қалыптастырып жатыр.

Негізгі жобалардың бірі – ғарыш зондын жасау. Аппарат БАӘ Ғарыш агенттігімен және ғылыми-технологиялық серіктестермен бірлесіп, толықтай Абу-Дабиде жобаланып, құрастырылып, сынақтан өткізіледі.

Зондты астероидтар белдеуіне аттанатын MBR Explorer ғарыш кемесінің бортына орналастыру жоспарланған.

269 Юстиция астероидына жеткеннен кейін зонд негізгі аппараттан бөлініп, аспан денесін жақын қашықтықтан бақылап, оның бетін суретке түсіреді.

Жиналған деректер ғалымдарға астероидтың ерекшеліктері мен құрамын зерттеуге, сондай-ақ Күн жүйесінің қалыптасуының алғашқы кезеңдері туралы жаңа мәліметтер алуға мүмкіндік береді.

Миссияның маңызды бөлігінің бірі – ғарыш аппаратының бірнеше жылға созылатын сапары кезінде қозғалысын қамтамасыз ететін электр қозғалтқыш қондырғысы. Бұл технология отынды тиімді пайдалануға және ұшу бағытын дәлірек жоспарлауға көмектеседі.

Жүйені әзірлеуге БАӘ инженерлері де қатысып жатыр. Атап айтқанда, Мәриям Әлхаммади ұшу барысында болуы мүмкін ауытқуларды ескере отырып, қозғалтқыш қондырғысының тиімділігі мен отын шығынын зерттеген. Оның ғылыми жұмысы 2025 жылы электр қозғалтқыш қондырғылары жөніндегі халықаралық конференцияда үздік баяндама ретінде марапатталған.

Жобаның тағы бір қатысушысы Фатима Әлнакби астероидтың бетін әртүрлі биіктіктен суретке түсіруге арналған зерттеу зондын әзірлеп жатыр.

Ал инженер Амна Әлхосани гибридті зымыран қозғалтқыштарын жасаумен айналысады.

Институт өкілдерінің айтуынша, жас мамандардың осындай жобаларға қатысуы елдегі инженерлік әлеуетті арттырып, болашақ ғарыш миссияларына қажетті кадрларды даярлауға ықпал етеді.

Жоба жүзеге асса, БАӘ-нің ғарышты игеру саласындағы мүмкіндіктері кеңейіп, халықаралық ғылыми зерттеулерге қатысуы артады деп күтілуде.

Наверх