«Бақытты отбасы» тұрғын үй бағдарламасы кімге, қашан, қалай беріледі?

19 Маусым 2019, 14:45
27380
Бөлісу:
«Бақытты отбасы» тұрғын үй бағдарламасы кімге, қашан, қалай беріледі?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шілде айында Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жергілікті әкімдікпен бірге жүзеге асыратын «Бақытты отбасы» бағдарламасы іске қосылады. Мемлекет жыл сайын бұл бағдарламаға 50 млрд теңге бөледі деп жоспарлануда. Бұл туралы strategy2050.kz  хабарлады. 


«Бақытты отбасы» тұрғын үй бағдарламасына кімдер қатыса алады?

Бағдарламаның шартына сәйкес, үш категория бойынша әлеуметтік аз қамтылған мына отбасылар кіреді:

1) 4 және одан көп баласы бар отбасылар (кәмілетті жастан асқан 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар да көпбалалы отбасыға жатады)

2) Бір немесе одан да көп бала бағып отырған жалғызбасты әке немесе ана (ресми ажырасқан уақыты 3 жылдан асқан болса).

3) Мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырған отбасы⠀

Аталған бағдарламаға қатысу үшін міндетті түрде тұрғылықты жеріңіз бойынша әкімдікте кезекте тұруыңыз қажет. Мысалы, егер сіз мемлекеттік қызметкер ретінде кезекте тұрсаңыз, бұл бағдарламаға қатысу үшін кезектегі мәртебеңізді (статус) өзгерту керек. Баспанаға мұқтаж отбасылар санатына жататыныңызды дәлелдеу үшін атқарушы органнан көп балалы отбасы екенін дәлелдейтін анықтама алып, оны банкке тапсырасыз. Бұл бағдарламаға қатысушыларға қойылатын ең басты талап – Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшысы болу. Егер салымшы болмасаңыз, құжат тапсырар сәтте банктен дербес шот ашасыз.

Пәтердің құны кез-келген сомада болуы мүмкін, алайда банк сізге  тек 15 миллион теңгеге дейін несие береді.

Несие мөлшерлемесі барлық 19 жылға 2%-бен беріледі

Бастапқы жарна тұрғын үй құнының 10%-ын ғана құрайды. Несие мөлшерлемесі барлық 19 жылға 2%. Егер бастапқы жарнаға ақшаңыз болмаса, әкімдіктен ақшалай төлем ретінде 1 миллион теңгелік сертификатқа арыз жазуыңызға болады.

«Мамандардың айтуынша, бастапқы жарнаны әкімдік көмегімен емес, өз қалтаңыздан төлесеңіз, тұрғын үйді таңдау мүмкіндігі көп болады».

Тұрғын үйді бірінші (бастапқы) нарықтан, қайталама нарықтан немесе жеке үйден ала аласыз. Егер сіз әкімдіктен 1 миллион теңге сертификат алған болсааңыз, тек бірінші нарықтан ғана үй алуға мүмкіндігіңіз болады.

Мына жайттарды ескеріңіз:

Үй кезегінде қай қалада тұрсаңыз, тек сол қаладан ғана пәтер аласыз.

Сондай-ақ, сол қалаңызда мекенжай бойынша тіркеуде 2 жыл тұрған азаматтар ғана аталған бағдарламаға үміткер бола алады.  

Табыс мөлшері қанша болу керек?

Төлем қабілетіңізді соңғы 6 айдағы зейнетақы аударымдары бойынша растай аласыз. Жеке кәсіпкерлер үшін соңғы бір жылдың декларациясы табысталады.

Тұрғын құрылыс жинақ банкінің елордалық филиалы директорының орынбасары Әсел Төлеуғалиеваның айтуынша үміткер отбасының табысы жан басына шаққанда 42 500 теңгеден аспауы керек.

Айта кетейік, 42 500 теңге – 2019 жылғы есеп бойынша Қазақстандағы ең төменгі жалақы.

«Егер жан басына шаққандағы табыстың мөлшері 42500 теңгеден асып кетсе, ол отбасы жылжымайтын мүлікке мұқтаждар қатарына кірмейді. Мысалы, 15 млн теңгеге несие алмақ болсаңыз, шамамен 104 250 теңге табыс көзі расталуы тиіс. Несиені төлеп қайтару екі кезеңге бөлінеді: алғашқы 8 жылда – 79 000 теңгеден, қалған 11 жылда – 57 000 теңгеден төлейді. Ал егер 12 млн теңгеге несие алған жағдайда, алғашқы 8 жылда – 88 450 теңге, қалған 11 жылда – 44 000 теңге төлейсіз. Ескеретін жайттың бірі, мысалы отбасында 5 адам болса, олардың жиынтық табысы 212 500 теңгеден аспауы керек», - дейді Әсел Төлеуғалиева.

Ал, құны 10 миллион теңге болатын пәтерге бастапқы сегіз жылда ай сайын  52 700 теңге, қалған 11 жылда 36 000 теңгеден төлейсіз.

Егер бастапқы жарнаны 10 пайыздан көп төлесеңіз, ай сайын төлейтін сома азая түседі

Сонымен, отбасындағы 2 адам үшін жалпы жиынтық кіріс айына 85 000 теңгеден көп емес, 3 адам үшін айына 127 500 теңгеден көп емес, 4 адам үшін 170 000 теңге, 5 адам үшін 212 500, 6 адам үшін – 255 000, 7 адам үшін – 297 500 теңгеден көп емес кіріс болуы қажет.

Төлем қабілетіңізді бағалау 10 күнде жүзеге асырылады. Ол үшін мына құжаттарыңызды түгендеңіз:

  • отбасыңыздың дәрежесін анықтайтын құжат;
  • кәмілеттік жастан асқан отбасы мүшелерінің төлқұжаты, балалардың туу туралы куәлігі;
  • неке қию немесе некені бұзу туралы куәлік;
  • соңғы 6 айдағы табысыңызды растайтын құжат.

Келісім-шартты Тұрғын үй құрлыс жинақ банкінің кез-келген бөлімшесінде рәсімдей аласыз. Кеңес алу үшін www.hcsbk.kz сайтындағы кеңесшімен немесе кез-келген ұялы телефоннан 3030 (Қазақстан бойынша тегін) нөміріне хабарласып байланыса аласыз.  




Өзгелердің жаңалығы