Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысы Бәйдібек ауданына жаңадан әкім тағайындалды. Облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев жаңа әкімді аудан активіне таныстырды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен, Бәйдібек ауданының әкімі лауазымына ұсынылған Ержігіт Шәріпбековтің кандидатурасына аудандық мәслихат депутаттары бірауыздан қолдау білдірген. Жаңа әкімді аудан активіне таныстырған облыс басшысы оның алдағы жұмысына сәттілік тілеп, қызмет барысында президент бекіткен бағдарламаларды сапалы жүзеге асыру қажеттігін айтты. Сонымен қатар Өмірзақ Шөкеев 4 жыл аталған ауданды басқарған Бақытбек Танагөзовке алғысын білдіріп, алдағы қызметіне сәттілік тіледі.
Бәйдібек ауданына үлкен жауапкершілікпен қараймын. Аудан өте жақсы. Халқы өте жайдары. Жаңа әкімдеріңіз жас та болса бас болып жүрген азамат. Бірнеше қызметте болған іскер азамат. Жаңа буын өкілі. Мемлекет саясатын жүзеге асырып, елдің әл-ауқатын көтеруге аянбай жұмыс істейтініне тілектеспін. Ауданның даму көрсеткіштері нәтижелі. Жұмысты үйлестіруде жаңа тағайындалған әкімнің тәжірибесі мен біліктілігі жетеді деп ойлаймын. Ал, ол үшін осындағы ел ағалары, ақсақалдар әкімге қолдау көрсетіп, ынтымақты жоғары орынға қойғаны абзал. Аудан тұрғындары көгілдір отынмен қамтылған. Алда жастарға қолдау көрсетіп, ауданның дамуына ерекше леп беретініне сенімдімін, – деді облыс әкімі.
Ержігіт Шәріпбекұлы 1982 жылы Бәйдібек ауданында туған. Білімі жоғары, біліктілігі құқықтану және жергілікті мемлекеттік басқару. Еңбек жолын 2000 жылы Қазақстан Республикасы Ішкі Істер органдары қатарында қызмет атқарып бастаған; 2000-2005 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Ішкі Істер органдары қатарында қызмет атқарған; 2005-2013 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданында "Сайрам сүт" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассирі, директоры болып еңбек еткен; 2013 жылдан бері Сайрам ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.