Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2019 жылғы он айдың қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан облысында 23 346 адам 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасының қатысушысы болды. 14 748 адам жұмысқа орналастырылса, оның 9 978-і немесе 68% тұрақты жұмыс орнымен қамтылды.
Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.Батыс Қазақстан облысында еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер бойынша кәсіби дағдыларды қалыптастыру мақсатында азаматтардың жекелеген санаттары үшін қысқа мерзімді курстар өткізуді көздейтін "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасының бірінші бағыты аясында 1773 адам қамтылған. Қысқа мерзімді кәсіптік оқуды аяқтағаннан кейін жұмыспен қамту орталықтары мемлекеттік бағдарламаға қатысушыларға жұмысқа орналасуда көмек көрсетеді.
Мемлекеттік бағдарламаның екінші бағытының негізгі міндеті азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын дамыту болып табылады. Оның шеңберінде бастапқы бизнесті іске асыратын және іске асыруды жоспарлайтын, сондай-ақ бұрын басқа мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде қаржылай қолдау алмаған үміткерлерге өтеусіз және қайтарымсыз негізде 100 және 200 АЕК мөлшерінде мемлекеттік гранттар беріледі. Бұдан басқа, ауылда және қалаларда кәсіпкерлік әлеуеті бар, ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге, ауыл шаруашылығы кооперативтеріне және зейнеткерлік жасына жетпеген олардың мүшелеріне, шаруа және фермер қожалықтарына микрокредиттер беріледі.
Батыс Қазақстан облысында микрокредитпен 1147 адам қамтылды. 100 АЕК-ке дейінгі мемлекеттік гранттарды Мемлекеттік бағдарламаның 143 қатысушысы, 200 АЕК-ке дейін – 1004 адам алды (жастар, табысы аз және көпбалалы отбасылардың мүшелері, мүгедектігі бар адамдар).
Мемлекеттік бағдарламаның үшінші бағыты азаматтардың жекелеген санаттарын жұмыспен қамту үшін мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарын құруды қарастырады. Оны жүзеге асыру аясында Батыс Қазақстан облысында 7 мың 187 адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде 917-і әлеуметтік жұмыс орындарына, 1644-і жастар практикасына және 4626 адам қоғамдық жұмыстарға жіберілді.