Бүгін қазақстандық альпинистер Алтайдың Мұзтау шыңын бағындыруды бастады

16 Ақпан 2019, 16:15
4109
Бөлісу:
Бүгін қазақстандық альпинистер Алтайдың Мұзтау шыңын бағындыруды бастады

Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін алғаш рет қазақстандық альпинистер Алтай тауының ең биік нүктесі саналатын Мұзтау (Белуха) шыңын қыс маусымындағы бағындыруды бастады. Альпинизм бойынша ел чемпионаты аясында ұйымдастырылған шара барасында үш адамнан тұратын топ 12 күн ішінде Мұзтаудың ең биік нүктесіне шығып үлгеруді көздеп отыр.

Бүгін қазақстандық альпинистер Алтайдың Мұзтау шыңын бағындыруды бастады

«Алтай тауының ең биік нүктесі саналатын Мұзтау шыңына көтерілу әрбір қазақстандық альпинистің басты мақсаты екені белгілі. Жалпы, Алтай Қазақстан, Ресей, Монғолия және Қытай сияқты төрт мемлекеттің аумағында жатқан тау екені белгілі. 2006 жылы командамыздың осы құрамымен біз траверс арқылы тау шыңына алғаш рет көтерілген болатынбыз. Бұл альпинистер үшін бесінші санаттағы қиын беткейдің бірі болатын. Әрине ол жылдың жылы мезгілі болатын», - дейді Қазақстан альпинистер құрамасының мүшесі, жартасқа өрмелеп шығу бойынша спорт шеберіне үміткер Вячеслав Орлов.

Тау шыңына қыс мезгілінде көтерілу жоспарының бұрыннан бері ойда жүргенін айтқан спортшы бұл жолғы көтерілу альпинизм бойынша ел чемпионатының бір тармағы болатынын алға тартты. Айта кетсек, альпинистердің бұл жолғы шыңға көтерілу сапарын «DK Проект» құрылыс компаниясы қаржыландырып отыр.

«Жаз уақытында аталмыш бағытты бір бағдарлап, мұз құрсауын, тау беткейлерін бағалап, мұны қыс мезгілінде іске асыруға болып немесе болмайтынын зерделеп қайтқан болатынбыз. Сырттай өткізілетін альпинизм бойынша ел чемпионаты аясында біз осы бағытты өз тарапымыздан ұсынбақпыз. Барлық құрал жабдықтарымызды сайлап шыққан біздің үш адамдық топ тау шыңын бағындыруды ақпан айының 16 күні бастап, барлығы оңынан болса 28 ақпан күні таудың ең биік нүктесіне жетуді межелеп отырмыз», - деп қосты Вячеслав Валерьевич.

Бүгін қазақстандық альпинистер Алтайдың Мұзтау шыңын бағындыруды бастады

Мұзтау (Белуха) – бір беті Ресей Федерациясының Алтай аймағында, екінші беті Қазақстанның Катонқарағай ауданы аумағында жатқан Алтай тауының ең биік нүктесі болып саналады. Шыңның ең биік нүктесі 4 509 метрді құрайды. Алтайлықтар Үш-Сүмер, қазақтар Мұзтау деп атаған шың қысы-жазы мұз құрсанып жатады. Аталмыш мұздықтан Қатын, Күшерлі, Ақкем, Едегем және Бұқтырма өзенінің ең үлкен салаларының бірі саналатын Ақ Берел (жергілікті тұрғындар Ақбұлқақ атап кеткен) өзендері бастау алады. Мұзтау шыңын қыс маусымында бағындыру әрекеті алғаш рет 1904 жылы қолға алған ағылшын альпинисі Сэмуэль Тернер 4300 метр биіктікке дейін көтерілген, 1914 жылы ағайынды Михайл және Борис Троновтар алғаш рет оның ең биік нүктесін бағындырған. 2000 жылы Игорь Левкин мен Иван Усанов шың үстінен алғаш рет парапланмен ұшып өткен. Ал 2003 жылы экстремал-спортшы Дмитрий Щитов Шығыс Мұзтау шыңынан 2 сағат ішінде шаңғымен сырғанап түскен.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ

Фото: Ирина Якунина

Өзгелердің жаңалығы