Жоғары аудиторлық палатаның нұсқамасын орындау шеңберінде Ауыл шаруашылығы министрлігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына (ӘМАТ) бағаны тұрақтандыру механизміне маңызды өзгерістер енгізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Маңғыстау облысында бюджет қаражатының пайдаланылуы тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит барысында өңірде азық-түлікке деген қажеттіліктің негізінен ҚР басқа облыстарынан және көрші елдерден жеткізуді ұлғайту есебінен өтелгені анықталды.
Бұл нарықтық бағаның өсуіне әкеп соқты, ал нарықтық баға тексеру кезінде (2023 жылдың екінші жартысы) республика бойынша орташа деңгейден асып түскен.
Сонымен қатар өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік коропорация кәсіпкерлік субъектілеріне 0,1% мөлшерлеме бойынша «арзан» қарыз беру арқылы бағаны тұрақтандыруға тырысқан.
Алайда қарыз алушыларды іріктеудің нақты өлшемшарттары айқындалмаған, бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің болу мүмкіндігін көрсетеді.
Бұдан басқа, қарыз алушылар тарапынан азық-түлік тауарларының белгіленген көлемін және белгіленген құнымен сату міндеттемелері сақталмаған. Берілген несие арқылы сатып алынған кейбір өнімдер 51%-ға дейін жоғары бағамен сатылған.
Осыған байланысты Жоғары аудиторлық палата несие берудің осы түрінде бизнеске қойылатын бірыңғай талаптарды айқындау, сондай-ақ бірқатар нақты пәрменді міндеттемелерді белгілеуге тапсырма берді.
Нәтижесінде ҚР АШМ 2024 жылғы 15 шілдедегі бұйрығымен Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың үлгілік қағидаларына өзгерістер енгізілді.
Енді тиісті жеңілдетілген несие алу үшін бизнес субъектілері мынадай негізгі талаптарды орындауы тиіс:
заңды тұлға немесе жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеудің болуы;заңнамаға сәйкес төлеу мерзімі кейінге қалдырылған жағдайларды қоспағанда, салықтар, бюджетке төленетін басқа да төлемдер және БЖЗҚ-ға зейнетақы жарналары бойынша берешегінің болмауы;
банктердің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың берген несиелері (қарыздары) бойынша мерзімі өткен берешегінің болмауы;
азық-түлік тауарларын сақтауға, сатып алу, дайындық және тарату операцияларын орындауға арналған арнайы жабдықтары бар қоймалар мен үй-жайлардан тұратын инфрақұрылымдық сауда-логистикалық кешенді заңды негізде (меншік құқығы, жалдау, сенімгерлік басқару және т. б.) иеленуі;
мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімінде болмауы; мамандандырылған ұйым алдында немесе атқарушылық құжаттар бойынша орындалмаған міндеттемелердің, сондай-ақ мүлікке шектеулердің болмауы.
Сонымен қатар несие беру шарттарында бизнес үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сату, оларды белгіленген бағамен толық көлемде сату кестесін қалыптастыру, сондай-ақ сату фактісін растайтын құжаттарды ұсыну сияқты міндеттемелер көзделеді.