Алматы облысына жұмыс сапары барысында Премьер-Министр облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен кездесіп, субсидиялау, айналым қаражатымен қамтамасыз ету, су және газ көздерін қолжетімді ету, жем-жөп, ветеринариялық препараттар, тұқымдар, тыңайтқыштар, пестицидтер, гербицидтер, ауыл шаруашылығы техникасы және т. б. сатып алу мәселелерін талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Әлихан Смайылов аграрийлерді қолдау Үкімет жұмысының негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті.
Бұрын өнімділікке тікелей әсер ететін субсидияларды ғана қалдыру үшін субсидиялау жүйесін өзгерту жоспарда болған. Бірақ фермерлермен кеңескеннен кейін біз қолданыстағы кейбір субсидиялау стандарттарын сақтап қалу туралы ортақ келісімге келдік. Өз тарапынан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер азаматтарды қолжетімді бағада сапалы өніммен қамтамасыз етуге тиіс, — деді Премьер-Министр.
Сонымен қатар Әлихан Смайылов алдағы жылдары Үкімет шаруаларға қажетті су көлемін жеткізіп беру үшін каналдар мен гидронысандарды салуға және жаңғыртуға қосымша қаражат бөлетінін айтты.
Сондай-ақ Премьер-Министр 2022 жылы іске қосылған және жылына 15 мыңға дейін өнім шығаратын «Nauryz Agro KZ» ЖШС бройлерлік құс фабрикасының жұмысымен танысты. Барлық әлемдік стандарттарға сәйкес келетін кәсіпорынның өз инкубаторы бар және қазіргі уақытта ет өңдеу цехының құрылысы жүріп жатыр.
Әлихан Смайылов құс фабрикасының өңір экономикасы үшін ғана емес, ішкі нарықты отандық азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін де маңызды зор екенін айтты.
Азық-түлік қауіпсіздігі – бүгінгі күннің басты сын-қатерлерінің бірі. Облыс әкімдігі өз өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін және агроөнеркәсіп кешеніндегі жұмыспен қамту деңгейін арттыру үшін осындай жобаларға қолдау көрсетуі қажет, — деді Премьер-Министр.