Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте АШМ Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Азат Сұлтанов мәлім етті.
Кеше Парламент Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова депутаттық сауал жолдап, Ауыл шаруашлығы министрлігінің жұмысын сынға алды. Оның айтуынша, министрлік бастама көтеріп, ведомствоға жүгінген бірқатар ғалымға қаржылық қолдау көрсетпей отыр. Осы ақпаратқа түсінік беру мақсатында брифингке Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері мен қауымдастық ғалымдары шақырылды.
Депутаттық сауалға министрлік белгіленген мерзімде жауап беретін болады. Алайда теріс қоғамдық пікір қалыптаспау үшін ондағы кейбір мәселеге түсінік беруді жөн көрдік. Біріншіден, азық-түлік қауіпсіздігіне келер болсақ, ел 80 пайыздық импорттық тауарға тәуелді емес екенін атап өткім келеді. Жуықта министрлік Үкімет отырысында ішкі нарықты азық-түлікпен қамтамасыз ету жөніндегі жоспарымен бөлісті. 23 әлеуметтік маңызы бар тауармен мемлекет 80 пайызға қамтамасыз етілген. Әлеуметтік маңызы бар 29 тауардың тек алтауы импортталады, - деді ол.
Оның айтуынша, импорт көлемінің 42 пайызын құс еті, 39,9 пайызын шұжық, 46 пайызын шикі ірімшік, 27 пайызын алма, 31 пайызын қант және 21 пайызын балық өнімдері құрайды.
Оны статистика жүргізіп отырған Мемлекеттік кірістер комитеті, Ұлттық статисика бюросы растайды. Бұл тауарлардың өндіріс көлемін арттыру үшін арнайы іс-шаралар жоспары қабылданған. 2021-2024 жылдарға арналған бағдарлама бар. Онда аталған тауар өндірушілерге жеңілдетілген несие беру, инвестициялық жобалар қарастырылған, - деді ол.