Астана, BAQ.KZ. Қазақстан 19 ақпан күні Қырғызстаннан картоп, алма мен құрма әкелуге уақытша тыйым салды. Бұған көрші ел өнімдерінен зиянкестердің анықталуы себеп болды.
Қырғызстан Үкіметі баспасөз қызметінің мәліметінше, ҚР премьер-министрінің міндетін атқарушы Асқар Мамин Қырғыз елінің Үкімет басшысы Мухаммедкалы Абылгазиевпен телефон арқылы сөйлесті.
Екі ел премьер-министрлері Қырғызстан ауыл шаруашылығы өнімдерін Қазақстан нарығына шектеумен байланысты мәселені шешу жолдарын талқылады.
Тараптар Астанада үкіметаралық келіссөздер өткізу туралы келісті. Енді алдағы уақытта Қырғызстан делегациясы елордаға келеді.
Атап өтсек, Қазақстан 2019 жылғы 19 ақпанда Қырғызстан мен Өзбекстан өнімдерін елге әкелуге тыйым салды.