11-12 мамырда Назарбаев Университетінде Азия университеттері альянсының (ААУ) ректорлар форумы өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Азияның 15 ірі университет өкілдері, оның ішінде Цинхуа университеті, Назарбаев университеті, Гонконг ғылым және технология университеті, Токио университеті, Сеул Ұлттық университеті, Астанада бас қосып Азиядағы жоғары білімнің ең өзекті сауалдарды талқылайды. Альянстың бірқатар негізін қалаушылар 2022 Times Higher Education Asian University Rankings (THE) рейтингінде 10 үздік оқу орындарының және QS World University Rankings (QS) 2023 50 үздік оқу орындарының қатарында.
2023 жылы форум «Дамушы Азияда жоғары білім беруді қалыптастыру: құру, интеграция және инновациялар» тақырыбында өтеді. Платформа қатысушыларға Азиядағы жоғары білімнің негізгі сын-қатерлерін талқылауға, оқытудың және зерттеудің жаңа үлгілері мен тәсілдері туралы пікір айтысуға мүмкіндік береді.
11 мамырда Назарбаев университеті және Цинхуа университеті Студенттермен алмасу туралы келісімге, сонымен қатар Назарбаев университеті Малайя университетімен академиялық-ғылыми ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қояды.
12 мамырда қатысушылардың панельдік сессиялары 3 негізгі тақырып бойынша өтеді:
- Теңсіздіктің кеңеюі, климаттың өзгеруі, жасанды интеллект технологияларының қарқынды дамуы сияқты қалыптасқан жаһандық сын-қатерлер аясында жоғары білімнің міндеттері туралы пікірталас.
- Азиядағы студенттер мен ғалымдардың ұтқырлығын ілгерілету және Азияға жаһандық таланттарды тарту. Болон процесінің азиялық нұсқасының перспективалары.
- Тұрақты университеттерді дамыту және тұрақты даму саласындағы студенттердің құзыреттілігі.
Айта кетейік, Азия университеттері альянсы – альянсқа мүше университеттер арасындағы академиялық ынтымақтастықты, мәдени түсіністік пен ғылыми инновацияларды дамыту мақсатында 2017 жылы құрылған коммерциялық емес ұйым. Альянс құрамына Азиядағы 15 университет кіреді.