Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Азиядағы жойқын су тасқыны: 1 400-ден астам адам қаза тапты

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
3 Желтоқсан 2025, 16:23
647
Бөлісу:
 ЕРА
Фото: ЕРА

Индонезия, Шри-Ланка, Таиланд және Малайзияда толассыз жауған жаңбыр мен көшкіндер салдарынан 1 400-ден астам адам көз жұмды. Табиғи апат аймақтағы экономикалық мүмкіндіктердің үлкен айырмашылығын да айқын көрсетті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

AP басылымының хабарлауынша, ең ауыр жағдай Индонезияда тіркелді – кемінде 753 адам қаза тапқан. Шри-Ланкада 465 адамның өлімі расталды, бірақ билік нақты саны әлі белгісіз екенін айтады. Таиландта 185, Малайзияда 3 адамның қазасы хабарланды.

Қазіргі уақытта құтқарушылар жарық пен байланыс үзілген аудандарға жетуге тырысуда, 1 000-нан астам адам әлі із-түзсіз жоғалған. Көптеген ауыл лай мен үйінді астында қалған.

Индонезияда Суматра аралын жайлаған нөсер мен тропикалық дауыл 2018 жылғы Сулавеси жер сілкінісі мен цунациден бергі ең жойқын апатқа айналды. Елдің апат агенттігі 650 адам әлі табылмағанын, 1,5 миллионнан астам тұрғын эвакуацияланғанын хабарлады. Мыңдаған үй мен нысан бүлінген, ауруханалар лық толы, сондықтан үш госпитальдік кеме жіберілді.

Экономикалық дағдарыстан енді ғана шығуға тырысып жатқан Шри-Ланкада жағдай одан да қиын. Елде ресурстар шектеулі, ал қайта қалпына келтіру шығындары қазынаға ауыр салмақ түсірмек. Күріш егістіктері мен көкөніс жеткізуші өңірлердің зардап шегуі импортқа тәуелділікті арттыруы мүмкін. Үндістан, Пәкістан және БАӘ алғашқы көмек көрсетуді бастап кетті.

Таиландта су басқан аймақтарда қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Үкімет су мен электр энергиясы толық қалпына келтірілгенін хабарлады. 120 мыңнан астам отбасыға 1 млрд баттан (шамамен 31 млн доллар) астам өтемақы төленген.

Өзгелердің жаңалығы