Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы облысы Талғар ауданы Панфилов кентіндегі атшабарда Ұлттық ат спорты түрлерінен Жастар арасындағы І Азия чемпионатының ашылу салтанаты болды.
Чемпионатқа Қазақстан, Ресей, Қытай, Венгрия, Монғолия, Малайзия, Түркия, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан секілді жалпы жиыны 10 мемлекеттің ең үздік спортшы жастар командалары көкпар, аударыспақ, теңге ілу және жамбы ату спортынан бақ сынайды.
Айта кетейік, Жастар жылы аясында өтетін байрақты бәсекенің жалпы жүлде қоры 16 000 000 теңгеге жуық қаражатты құрайды. Жылдың айтулы спорттық шарасына (TIKA) Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі де қолдау білдіріп отыр.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін чемпионатқа Қырғызстан құрамасының қатыспайтынын және алғашқы ойында Моңғолия құрамасының Тәжікстанды жеңгені туралы жазғанбыз.
Чемпионатты Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы ұйымдастыруда. Бас серіктес – «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры.