Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыда өтіп жатқан Жастар арасындағы Азия чемпионатында үшінші болып Қазақстан мен Өзбекстан алаңға шықты.
Өткен жылы Қырғызстанда өткен Бүкіләлемдік үшінші Көшпенділер ойындарында Өзбекстан мен Қазақстан құрамасы ойнаған болатын. Финалдық ойында біздің құрама ала шапанды ағайындарға есе жіберіп, әжептеуір сөз болғанын да несін жасырайық.Алайда, ол ойында екі елдің ересектер құрамалары бақ сынасқан. Ал қазіргі тартыста екі елдің жастары додаға түсіп жатыр. Сол жеңіліс біздің жастар құрамасы үшін айтарлықтай намыс қайраған сәт болған сыңайлы. Олай дейтініміз, ойынның алғашқы бөлігінде-ақ, біздің бозбалалар есепті 6:2-ге жеткізді.
Тіпті құрама капитаны Құрманбек Тұрғанбек алғашқы салымды ойын бастала салысымен алғашқы 8 секундта салғанын айта кеткен жөн.
Сонымен, Б тобында бақ сынаған Қазақстан мен Өзбекстан құрамалары арасындағы тартысты бәсеке, Қазақстан құрамасының айқын басымдығымен аяқталды. Есеп – 13:2.
Естеріңізге сала кетейік, Алматы облысы, Талғар ауданына қарасты Панфилов ауылындағы "Байсерке" атшабарында "Жастар жылы" аясында Жастар арасында І Азия чемпионаты өтіп жатыр.
Чемпионатқа Қазақстан, Ресей, Қытай, Венгрия, Монғолия, Малайзия, Түркия, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан секілді жалпы жиыны 10 мемлекеттің спортшылары бақ сынауда.
Алғашқы Азия чемпионаты Көкпар, аударыспақ, теңге ілу және жамбы ату қатарлы төрт спорт түрінен өзара мықтыны анықтап жатқан сайыс 21 сәуір күні аяқталады.