Ханчжоудағы Азия ойындарында төрешіге спортшының балғасы тиіп кетті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Zakon.kz мәліметіне сүйенсек, төрешінің ортан жілігі сынып кеткен. Қазір жағдайы бірқалыпты.
Оқыс оқиға кувейттік спортшы Әли Занкавидің балға лақтыру бойынша финалдық өнер көрсетуі кезінде болған. Жоғарыға көтерілуі тиіс болған балға оң жаққа ұшып кетіп, төрелік етіп отырған техникалық судьяның дәл аяғына қадалған. Қорқып кеткен Занкави аяғынан қан атқылап жатқан 62 жастағы төрешіге қарай жүгіреді. Спортшы төрешінің аяғын байлап, қанды тоқтатады. Кейіннен медицина қызметкерлері төрешіні алаңнан алып кетіп, жақын маңда орналасқан ауруханаға жеткізеді.
Ауруханада оған "Ортан жіліктің ашық сынығы" деген диагноз қойылды. Қазір оның жағдайы тұрақты, - деді Азиада-2023 өкілі Сюй Дэцин пресс-конференция барысында.