Екінші күннің қорытындысы бойынша Қазақстандық спортшылар дзюдодан азия пара ойындарында 2 алтын, 1 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Осы күндері Қытайдың Ханчжоу қаласында IV Азия пара ойындары өтіп жатыр.
Екінші жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан командасы 6 медаль жеңіп алды, оның ішінде 2 – алтын, 1 – күміс және 3 – қола.
Осылайша, пара дзюдодан Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте екінші орынға жайғасты.
Алтын медальді Ерғали Шамей (J1 санаты) және Олжас Оразәліұлы (J2 санаты) жеңіп алды. Ал күміс медаль иегері - Асылан Нұрдәулетов (J1 санаты).
Қола жүлде Динара Куджулова (J1 санаты), Бауыржан Арыстанбеков (J1 санаты) және Даяна Федосова (J2 санаты) сынды спортшылардың еншісінде.
Біздің пара дзюдошылар бүгін керемет нәтиже көрсетті! Спортшыларды, жанкүйерлерді және, әрине, команданың жаттықтырушылар штабын осы жетістікпен құттықтаймын. Қазір бүкіл еліміз дзюдошыларымызды мақтан тұтады, - деді Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев. Айта кетейік, пара дзюдо бойынша жарыстар 26 қазанға дейін жалғасады.