Қазақстан қоғамдық даму институты жариялаған Қазақстан отбасылары ұлттық баяндамасы елдегі отбасы мен неке институты ұзақ уақыт бойы трансформация кезеңінде екенін көрсетті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2024 жылы жүргізілген сарапшылық сұхбаттарда әжелердің немерелерімен уақытты аз өткізу үрдісі байқалған.
Менің құрдастарымның көпшілігі әже болды немесе болады. Әжелер немерелерінің тәрбиесіне араласпайтынын айтады. Бұрын бұл міндетті болатын. Қазір әжелер “санаторийге барғым келеді” дейді. “Балалар өздері қалай жасаса солай жасасын” деген сөздерді естимін. Бұрын бұл мінез-құлық сипаттамасы емес еді. Бұл – либералды батыс қоғамдарына тән нәрсе. Менің ойымша, бұл тұтынушылық қоғамның әсері, ол біршама қалыптасқан, - деген қарағандылық әлеуметтанушы пікірі баяндамада берілген.
Сарапшылық сұхбат қорытындылары бұрынғы ерлі-зайыптылар арасындағы дәстүрлі неке қатынастары мен отбасындағы үлгілер өзгеріп жатқанын көрсетті.
Қазақстанда балалардың құндылығы жоғары отбасылар немесе балаларға бағытталған отбасылар қалыптасуда. Бала күтуші институты жақсы дамып келеді. Ал тұрмыстық мәселелер, мысалы, тамақ дайындау, тазалау және шаруашылық жүргізу отбасынан тыс аутсорсингке берілуде. Бұл қызметтерді отбасына мүше емес адамдар атқарады. Гендерлік шекаралар да біртіндеп жойылып, шаруашылық және тұрмыстық міндеттер тең бөлінуде, - делінген баяндамада.
Бірақ өңірлік ерекшеліктер сақталып келеді.
Өңірлік ерекшеліктерге келетін болсақ, олар оңтүстік-батыс, солтүстік-шығыс өңірлері мен мегаполистер арасында айқын көрінеді. Мысалы, үш мегаполистің бірі Шымкент қаласында дәстүрлі отбасы құрылымының өзгермегендігі байқалады. Ол көпбалалы болу және гендерлік рөлдердің айқын бөлінуімен сипатталады. Бұл жалпы оңтүстік және батыс өңірлерге тән. Сонымен қатар, Қазақстанның солтүстік-шығыс бөлігі батыс немесе еуропаланған. Мұнда гендерлік теңдіктің айқын белгілері көрініс табатын отбасылық дәстүрлер көбірек байқалады, - делінген баяндамада.
Сарапшылар пікірінше, жаһандану бұқаралық ақпарат құралдары, теледидар және әлеуметтік желілер арқылы адамдардың санасына әсер етеді. Бұл процеске халықтың, әсіресе жастардың көші-қон мүмкіндіктері де ықпал етеді. Халықтың санасы мен дүниетанымының өзгеруі Қазақстандағы отбасы институтының трансформациясына әсер етуде. Бұл ретте Қазақстанның феномені ретінде қоғамның тұтынушылық сипаты сақталып отыр және көпбалалы болуға ұмтылыс жоқ.