Бүгін ҚР Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Сыртқы істер министрлігінің көмегімен аса ірі көлемдегі алаяқтық жасаған Қазақстан азаматын Әзербайжаннан жеткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бас прокуратура баспасөз қызметінің мәліметінше, ол 2021-2023 жылдар аралығында Біріккен Араб Әмірліктерінен ұялы телефондарды арзан бағамен тасымалдайтыны туралы айтып, азаматтардың сенімдерін теріс пайдаланып, 21,5 миллион теңге көлеміндегі қаражатын иемденген.
Одан бөлек, 2022 жылдың қаңтарында ол алаяқтық жолмен «Toyota Land Cruiser» көлігін иемденіп, жәбірленушіге 24 миллион теңге шығын келтірген.
Қылмыс жасағаннан кейін күдікті құқық қорғау органдарынан жасырынған, сол себепті оған халықаралық іздеу жарияланды. Қазіргі таңда күдікті Астана қаласының тергеу изоляторына қамалды. Айыпталған қылмыстарды жасағаны үшін ол мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін, - делінген хабарламада.