Ресми сапар аясында Әзербайжан Қорғаныс министрі генерал-полковник Закир Гасанов бастаған делегация Құрлық әскерлерінің әскери институтында болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Шетелдік қонақтарды Қазақстан Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов алып жүрді.
Әзербайжандық әскери делегация Кеңес Одағының Батыры, № 1 Халық қаһарманы, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Шетелдік делегация әскери институттағы оқу процесінің ұйымдастырылуымен, курсанттардың дене шынықтыру дайындығымен, кітапхана қорымен және мұражай экспонаттарымен танысты.
Оқу-зертханалық кешенде әзербайжандық мамандар атыс даярлығы және жауынгерлік машиналарды жүргізу жөніндегі тренажерларды, Т-72, БМП-2, БТР-80, БМП-2 құрылғыларын зерделеуге арналған сыныптардың жабдықтарын қарап шықты. Қонақтар курсанттар айналысатын отандық тренажерлерге ерекше қызығушылық танытып, әскери институттың сапалы оқу үдерісін қамтамасыз ету мүмкіндіктеріне жоғары баға берді, - деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сондай-ақ олар мамандарды компьютерлік және тактикалық даярлау жүзеге асырылатын, әскери топография бойынша сабақтар өткізілетін, байланыстың техникалық және бағдарламалық құралдары игерілетін сыныптарды аралап көрді.
Шетелдік әріптестер әскери институттың курсанттарын оқытуда қолданылатын оқу-материалдық базасы мен білім беру технологияларына оң бағасын берді.