Әзербайжанның мемлекеттік мұнай компаниясы SOCAR әзербайжан газын Австрия мен Германия нарықтарына экспорттауды бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ Anadolu агенттігіне сілтеме жасап.
Бұл туралы компанияның хабарламасында айтылды.
Мәліметке сәйкес, TAP газ құбыры арқылы тасымалданатын қомақты көлемдегі газды сатуды жүзеге асыра отырып, SOCAR әзербайжан газын Еуропаға экспорттаудың жаңа кезеңіне шыққан.
Баспасөз хабарламасында көрсетілгендей, 2026 жылдың қаңтарынан бастап әзербайжан газы басқа елдермен қатар Австрия мен Германиядағы тұтынушыларға да жеткізіле бастады.
Италия арқылы Австрия мен Германияға газ жеткізу әзербайжан газының Еуропа нарығындағы географиясын кеңейтіп отыр. Осылайша, әзербайжан газын сатып алатын елдердің саны 16-ға жетті.