Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Азаматтық ұлт тұжырымдамасы: Сарапшы Конституция нені айқындауы керектігін айтты

Бүгiн, 16:11
123
Бөлісу:
 автордан
Фото: автордан

Конституция біртұтас ұлт құрудың декларациясына айналуы керек, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Еуразиялық интеграция институтының сарапшысы Серік Жүсіпов "Ашық саясат" сараптамалық клубының "Конституциялық реформа-2026: Қазақстанның саяси жаңғыруының жаңа кезеңі" атты отырысында мәлімдеді.

Айтуынша, азаматтық негізде қалыптасқан ортақ ұлттың жария құжаты болуға тиіс.

Қазір қарапайым адам Қазақстан халқы Ассамблеясына қарағанда нені көреді? Көпшілік санасында Қазақстан халқы түрлі этностардың жиынтығы сияқты әсер қалдырады. Ассамблея бірнеше мәдени орталықтан тұрады. Сырт көзге қарағанда халық халықтардан құралғандай көрінеді. Бірақ ұлт ұлттардан тұрмайды. Сондықтан біз этностық айырмашылыққа емес, ортақ негізге сүйенген ұлт қалыптастыруымыз керек деп ойлаймын. Яғни басты біріктіруші белгі азаматтық болуға тиіс. Қазақстан азаматы деген мәртебе ұлтқа тиесіліліктің негізгі өлшеміне айналуы керек. Сонда ұлттық саясат та айқынырақ, бір бағытқа нақты бағдарланған болар еді, - деді сарапшы.

Сонымен қатар ол тағы бір мәселеге тоқталды.

Екінші мәселе – партиялық жүйе туралы. Қазір партиялық құрылым қалыптастыру кезінде қоғамның бір бөлігі сол үдерістен тыс қалып қояды деген пікір айтылды. Шынында да, бүгінде партиялар халықтың барлығын толық қамтып отыр деп айту қиын. Осы мәселені шешудің бір жолы – ашық тізіммен дауыс беру жүйесін енгізу болуы мүмкін. Яғни пропорционалды жүйе сақталады, бірақ адамдар тек партияға ғана емес, сол партия ішіндегі нақты тұлғаға да дауыс береді. Қазір кейбір азаматтар партия мүшесі болмауы мүмкін немесе белгілі бір партиялық құрылымға тартылмаған. Бірақ олардың сенім артатын адамы бар. Ол адам бір партияның қатарында болуы мүмкін. Мұндай жағдайда сайлаушы партияны да, сол партиядағы нақты кандидатты да қолдай алар еді, - дейді Серік Жүсіпов.

Сондай-ақ ол бұл тәсілдің болашақта қандай мүмкіндік ұсынатынына тоқталды.

Бұл тәсіл болашақта Парламентті қалыптастыру кезінде депутаттарды халықтың қолдау деңгейіне қарай іріктеуге мүмкіндік береді. Қазіргі жабық тізім жүйесінде партия кімнің өтетінін өзі шешеді. Ал ашық тізіммен дауыс берілсе, сайлаушылар партияны ғана емес, сол партия ішіндегі нақты депутаттарды да өздері таңдайды. Яғни таңдау үдерісі сайлау кезінде-ақ жүзеге асады, - деді спикер.

Жанерке ЖӘКЕН

Өзгелердің жаңалығы