Азаматтарымыз аузына насыбай салып, қақырып, түкіріп жүреді – Тоқаев

15 Наурыз 2024, 16:30
986
Бөлісу:
Азаматтарымыз аузына насыбай салып, қақырып, түкіріп жүреді – Тоқаев
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында насыбай ататын азаматтар туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Денсаулыққа зиян әрі ұят әдеттің бірі – насыбай ату. Оның қалай жасалатыны белгілі. Ешқандай санитарлық талап сақталмайды. Құрамында түрлі дертті, оның ішінде онкологиялық ауруларды қоздыратын заттар бар, - деп айтты Тоқаев.

Президенттің айтуына қарағанда, насыбайды өндіруге және таратуға 2015 жылы тыйым салынған. Бірақ әлі күнге дейін көшеде, тіпті азық-түлік дүкендерінде ашық сатылып жатыр.

Құқық қорғау мекемелері ешқандай шара қолданып жатқан жоқ. Қазір – ХХІ ғасыр, жоғары технология мен жасанды интеллекті қарқынды дамыған заман. Ал біздің азаматтарымыз аузына насыбай салып, қақырып-түкіріп жүреді. Бұл не деген масқара. Осы жағымсыз қылықты ата дәстүрі санайды. Шын мәнінде бұл барып тұрған мәдениетсіздік. Оны тоқтату керек, - деп атап өтті Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайтың отырысында.

Оның сөзінше, жалпы насыбай өндіріп, таратқаны үшін заң жүзінде белгіленген жауапкершілік тым төмен. Қазір осыған қатысты заңдарға түзету енгізу мәселесі қарастырылып жатыр.

Онда вейп қана емес, насыбай таратқан үшін де қылмыстық жауапкершілікке тарту көзделген. Бұл қадам насыбайға толық тыйым салуға мүмкіндік береді, - деп ұсынды Президент.

Өзгелердің жаңалығы