Азаматтарға құрғақ есеп емес, нақты нәтижелер қажет - Президент

30 Маусым 2023, 12:15
544
Бөлісу:
Азаматтарға құрғақ есеп емес, нақты нәтижелер қажет - Президент
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісінде маңызды мәселеге арнайы тоқталып өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Президент полицияның жоғары деңгейдегі өкілдері университеттерге, мектептерге барып, заңдарды жастарға түсіндіруі керек екенін айтты. Әсіресе, заң бұзудың салдарын анық көрсетуі қажет деді.

Өкінішке қарай, біздің жастарымыздың арасында заң сауатсыздығы кеңінен таралған, басқа сөзбен айтқанда, жастарымыз заңды білмейді, заңды сақтаудың мән-маңызын түсінбейді. Ал мұндай құқықтық сауатсыздықтың салдары өте ауыр. Мен әрбір жиында қоғамымызда заң үстемдігі болу керек, соның негізінде тәртіп болу керек деп айтып жүрмін. Полиция қызметкерлері осы қарапайым тұжырымдаманы халыққа, азаматтарға, әсіресе, жастарға жеткізуі керек, - дед ол.

Ол құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі комиссия қылмыстық және қылмыстық процестік заңнаманы жетілдіру туралы заң жобасы әзірленгенін айтты.

Бүгінде азаматтарымыз өздерінің заңды құқықтарын, конституциялық бостандықтарын және жеке меншігін қорғау үшін мемлекетке жүгінеді. Олар қиын жағдайға тап болғанда билік өкілдері әділдікті тез арада қайта орнатады, кінәлілерді жауапқа тартады және шығынды өтеуге көмектеседі деп үміттенеді. Сондықтан арыз-шағымдарды барынша жылдам әрі кәсіби түрде қарастырып, әрекет ету қажет. Алайда шағымдардың көптігі құқық қорғау жүйесінің бұл міндетті тиісті деңгейде атқара алмай жатқанын көрсетеді. Азаматтар жылдар бойы талай мекеменің табалдырығын тоздырып, нақты жауап таппай, шындыққа қол жеткізе алмай жүр. Сондықтан менің тапсырмам бойынша Құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі комиссия қылмыстық және қылмыстық процестік заңнаманы жетілдіру туралы заң жобасын әзірледі, - деді Президент.

Бұл құжат тергеушілердің және анықтаушылардың жұмысын жеңілдету үшін керек.

Басты мақсат – оларды артық рәсімдерден, құжаттардан арылту. Түптеп келгенде, мұның бәрі сіздерге көмек сұрап келген азаматтар үшін жасалып жатыр, - деді Тоқаев.

Ол бюрократияны жою керектігін айтты.

Бюрократия жойылса, полицияның уақыты үнемделеді, күш-қуаты босқа жұмсалмайды. Азаматтардың өзекті мәселесін шешуге көбірек мүмкіндік туады. Біздің азаматтарымызға құрғақ есептер емес, сіздердің қызметтеріңіздегі елеулі өзгерістер мен нақты нәтижелер қажет. Сервистік модельдің мәні – осы. Оның негізгі тәсілдері полиция қызметінің барлық аспектілері мен салаларына енгізілуі керек, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өзгелердің жаңалығы