Парламент Палаталарының бірлескен отырысында Конституциялық сот төрағасы Эльвира Азимова еліміздегі конституциялық заңдылықтың жай-күйі жайлы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол атап өткендей, Қазақстан Республикасының Конституциясында тек құқықтар айтылмайды, міндеттерді де қамтиды. Бұл міндеттер – басқалардың құқықтарын құрметтеу. Заңдарды және жария тәртіпті сақтау.
Конституциялық нормалар жәй нормалар емес. Бұлар бейбітшілік пен тәртіптің іргесін қалайды. Конституциялық нормалар – жеке бас бостандығы мен қоғамдық игіліктің құқықтық тепе-теңдігін, ал мемлекеттік билік үшін тежемелік әрі тепе-теңдік және жауапты өзара іс-қимыл жасау жүйесін көрсетеді, - деді Эльвира Азимова.
Конституциялық сот төрағасы соңғы 1,5 жылдағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы Конституциялық сот жолдауын ұсынды.
Бүгінде дәл осы адами құндылықтар конституциялық заңдылықтың өлшеміне айналып келеді. Конституциялық сот заң нормаларын тексеріп қана қоймайды. Ол құқықтық мәдениеттің қалыптасуына ықпал етеді және бағдарларды белгілейді, - деп айтты ол.
Азимованың ақпаратынша, бүгінде бізге азаматтардан 10 500-ден астам өтініш келіп түсті, олардың шамамен үштен бір бөлігі соңғы 1,5 жылға тиесілі. Олардың басым бөлігі қылмыстық, әкімшілік, азаматтық, жер, салық және әлеуметтік заңнаманың нормаларына қатысты.
Көптеген өтініш заңнаманы жетілдіру бойынша нақты ұсыныстарды, сондай-ақ қолданыстағы заңнаманың нормаларын құқықтық түсіндіруге сұрау салуларды қамтиды. Бұл сигнал. Азаматтардың не ойлайтынын, нені талдайтынын, не ұсынғысы келетінін және өздерін естуін қалайтынын білдіретін белгі. Азаматтардың құқықтық санасының мұндай өсуі бізден заң шығарушылар мен мемлекеттік институттардан кері реакцияны талап етеді, - деп түсіндірді Конституциялық сот басшысы.