«Қазақстан дауысы» жобасының финалисті Азамат Төреханмен BAQ.KZ тілшісі сұқбаттасты.
Азамат, қайырлы күн. Жақында финал. Жалпы жоба өміріңізді қалай өзгертті?
Негізі жобаға келгендегі мақсатым – өзімді тиктокер, блогер деп қана емес, эстрадалық әнші ретінде көрсету. Себебі эстрадалық әнші мамандығында 8 жыл білім алдым. Осы саладан алған білімімді шыңдап, көрсетіп, әнші екенімді дәлелдеуге келдім. Және сол мақсатыма жеттім деп ойлаймын. Көрмей тыңдау кезеңіндегі Азамат пен финалдағы Азаматтың өзіндік ерекшеліктері бар. Олай дейтін себебім, бұрын әлеуметтік желіде еркін видеолар түсірсем, қазір эфирге шыққалы әр сөзімді іріктеп, сөз саптауымды жөндейтін болдым.
Жоба жеңімпазы дауыс беру арқылы анықталады. Бұл қаншалықты әділ деп ойлайсыз?
Алғаш келгенде жобаға сенімсіздік болды. Себебі менің оқырмандарым бар, егер ертең аз дауыс жинасам, демек жоба әділ емес деп ойладым. Бірақ жоба қатысушыларымен дауысты теке-тіресіп жинап келе жатырмыз. Бұл бәрінің ашық, айқын екенін білдіреді. Сондықтан дауыс беру жағынан бәрі әділ деп сеніммен айта аламын.
Финалда басты қарсыласым деп кімді санайсыз?
Финалға дейін жеткен соң, ешкімді қарсылас көрмейді екенсің (күліп). Меніңше, төртеуміз де өзінше мықтымыз. Мұса мен Мұхамедәлі өздерін вокалдық тұрғыдан көрсетсе, менде басты назарда - шоу. Егер төрт қатысушы бір деңгейде болса халыққа жеңімпазды таңдау қиын болар еді. Дегемен дауыс беру жағынан қазір қорқынышты болып тұрған - Мұхамедәлі Жүгінісов. Ең бастысы біз финалға жеттік. Біз үшін сол да жетістік.
Демек жоба жеңімпазы болмасаңыз да, өкінбейсіз...
Жоқ. Мен үшін жеңіс басты нәрсе емес. «Сені байқау үшін, міндетті түрде үлкен болудың қажеті жоқ» деген сөз бар ғой. Сол секілді кішкентай дүниені жасап, оған ішкі жан-дүниеңді салсаң, халық бәрін көріп, сезеді. Сондықтан жобада өзімді шыңдап, өзімді басқа қырымнан көрсете алсам жеткілікті.
Финалда қандай ән орындайсыз?
Осыған дейінгі кезеңдерде айтқан әндерім бір-біріне ұқсас болды. Бірақ әр нөмірге бір фишкамызды қосып отырдық. Осы жолы финалда алдыңғы эфирлерден бөлек стильдегі әнді таңдадық. Тәлімгеріммен рок жанрда ән айтамын деп шештім. Ән арқылы жазылып жатқан хейттерге жауап ретінде көлемді әнді орындайтын боламын.
Егер жеңімпаз атанып жатсаңыз, сыйақыңызды қайда жұмсайсыз?
Жанкүйерлерім дауыс беріп, жеңіске жетсем, өз аудиторияма уәде еткенімдей, өзімнің туған жерім Құлсарыда көкпар немесе ас беремін.
Рақмет. Сұқбат соңында жанкүйерлеріңізге айтарыңыз бар ма?
Жоба тек шығармашылыққа есік ашып береді. Маңыздысы жобадан кейінгі өміріміз. 30 желтоқсан біздегі соңғы қадам. Дәл осы күні жобадағы тағдырымыз шешіледі. Сондықтан мені үздік деп танып, дауыс беріп жатқан адамдарға алғыс білдіре отыра, соңғы сәтте тағы қолдауларыңызды күтемін дегім келеді.