Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Мәскеу қаласында Қазақстанның Ресейдегі мәдениет күндерінің ашылуына арналған баспасөз конференциясында белгілі болды, деп хабарлады ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.
ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, 7 қыркүйек күні ХШЖК (Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесі) негізгі сахнасында «Астана Балет» театрының қатысуымен мәдениет күндерінің салтанатты ашылуы өтеді. Сондай-ақ Ұлттық музей қорындағы жәдігерлердің көрмесі ұйымдастырылмақ. Сенбінің кешінде Ресей астанасының аспанында танымал опера әншісі Әлібек Дінішев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Қосанова, «Астана сазы» этно-фалькорлық ансамблі, есімдері Ресей жұртшылығына жақсы таныс жас таланттар Ержан Максим мен Данелия Төлешевалар ән шырқайды."Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени-гуманитарлық қарым-қатынас өте жақсы дамып келеді. Қазақстанның мәдениет күндерін өткізудегі басты мақсатымыз – ресей жұртшылығын қазақ халқының өнерімен, дәстүрімен, мәдениетімен таныстыру. Ертең ашылатын шара РФ Мәдениет министрлігі мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің 2017-2019 жылдарға арналған мәдениет саласындағы ынтымақтастықты дамыту бағдарламасы аясында өтіп жатыр", - деді министр бапасөз конференциясында.
8-9 қыркүйек күндері Мәскеу тұрғындары мен қонақтары қазақстандық «Әміре», «Алтын тақ» киноларын тамашалай алады.
Қазақстанның Ресейдегі мәдениет күндері 7-11 қыркүйек аралығында өтеді.