Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанның екі азаматы Ливияға қару-жарақ тасымалдады деген күдікке ілінді. Оның бірі күні кеше Еуроодақ санкция жариялаған Sigma Airlines компаниясының басшысы Өмірбек Кеңесбаев. Бұл туралы бүгін онлайн брифингте «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ бас директоры Питер Гриффитс мәлім етті.
Ал екінші күдіктіге қатысты ақпарат әзірге жарияланбайды. БҰҰ тарапынан тергеу жұмыстары жалғасуда. Қолымызға нақты ақпарат түскенде міндетті түрде бөлісетін боламыз, - деді ол.
Ливияға қару-жарақ тасыды деген айып тағылған компанияның елімізде тіркелгені туралы Авиациялық әкімшілік өткен жылдың қазанында білген. Сол кезде БҰҰ Ливияға қару-жарақ тасымалдады деген күдікке ілінген бірнеше қазақстандық аәуекомпанияны тексеру жөнінде Сыртқы істер министрлігіне арыз жазған. Осыған орай Azee Air, Sigma Airlines и Jenis Air компанияларына қатысты тергеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде Sigma Airlines компанияның Ливия аумағына 286 рет әуе тасымалын жасағаны белгілі болды. Онымен бірге тексерілген екі компания да Ливияға қару және адам тасымалын жасағаны анықталды, ал Sigma Airlines онымен қоса ақша да тасымалдаған болып шықты.
БҰҰ тексеруден кейін аталмыш компаниялардың тасымалдаушы сертификаты тоқтатылды. Еуропалық одақпен бірлесіп нақты шаралар қабылдадық. Sigma Airlines компаниясына Еуропа аумағына ұшуға тыйым салынды. Ал Azee Air Jenis Air Ливияға тасымалдауын жалғастыруда. Өйткені олар өз ұшақтарын Қырғызстанда қайта тіркеген, - деді ол.
Питер Гриффитстің айтуынша, санкция елге қатысты емес, нақты объектіге қатысты жарияланды. Sigma Airlines - жүк тасымалымен айналысатын компания. Қазақстанда тіркелгенімен, әуе рейстерін негізінен Бірікке Араб Әмірліктері, Египет пен Иорданиядан жүзеге асырған.
Компаниялар Қазақстан мен оның туын пайдаланды. Алайда Қазақстан бұл әрекетті қолдамайды, - деп атап өтті Гриффитс.
Естеріңізге сала кетейік, кеше Ливияға қару-жарақ тасымалдады деген айыппен Еуроодақ бірнеше компанияға қатысты санкция жариялаған болатын. Олардың қатарында қазақстандық Sigma Airlines әуе тасымалдаушысы да бар.