Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанның оңтүстік аймағы - еліміздің Орталық Азия аймағындағы көршілес мемлекеттермен шекарасы шектесер, алыс-беріс қарым-қатынасы қарқынды жүріп жатқан өңірі. Азия мен Еуропаның аражігінде орналасқан ұлан-байтақ жеріміз әлемдік державалардың әрдайым назарында.
Осы орайда АҚШ-тың Алматы қаласындағы Бас консулы Эрик Майермен сұхбатымыздың жалғасын ұсынамыз. Айта кетсек, бұған дейін «Эрик Майер: Адам саудасымен күрес Қазақстанның халықаралық беделін арттырады» атты сұхбат жарияладық. Сұхбатымыздың екінші бөлімінде Орталық Азия мен Ауғанстан қарым-қатынасы, аймақтағы су бөлінісі, ауыл шаруашылығы саласына жаңа технологияларды енгізу және ағылшын тілін үйрену мүмкіндіктері туралы әңгімелестік.
– Эрик Майер мырза, Қазақстанмен стратегиялық әріптестігіміз бен аса бағалы достығымыз жайында сөйлесу мүмкіндігін бергеніңізге рахмет. Орталық Азия елдеріне үлкен қауіптің бірі: ол – Ауғанстан жеріндегі радикал топтардың шоғырлануы. АҚШ үкіметі Ауғанстандағы әскерін үйіне қайтармақшы. АҚШ тарапы осы радикал топтардың Орталық Азияда тұрақсыздық орнатпауына қалай ықпал ете алады?
– Бұл мәселенің екі жағы бар. Біріншісі - қауіпсіздік қатерлері мен шекараны лаңкес, қылмыскер және есірткі тасымалдаушы топтардан қорғау жұмысы. Бұл үшін АҚШ-тың құқықтық-әскери құрылымдары Қазақстан мен аймақтағы басқа елдермен бірігіп, оқыту, жабдықпен қамтамасыз ету және тәжірибе алмасып отырады. Екінші компонент – қазіргі таңда Ауғанстандағы жүргізіліп отырған алауыздықты бейбіт жолмен реттеу процессі. Өзіңізге мәлім, АҚШ пен Талибан ақпан айында Ауғанстан, онымен көршілес елдер және АҚШ үшін бейбіт, қауіпсіз болашаққа тарихи мүмкіндік беретін уағдаластыққа келді. Бұл жердегі негізгі элемент – бәріміз қуана көріп отырған қыркүйекте басталған Ауғанстанның ішкі келіссөздері. Әрине, алда үлкен белестер тұр, бірақ барлық тарап заман талап ететін парасаттылық пен икемділікті көрсететініне сенімдіміз.
Орталық Азия мемлекеттері Ауғанстанға бейбітшілік пен өркендеуді алып келу жолында конструктивті рөл атқарады. Бүгінге дейін маңызды серіктес болып келді. Қазақстан да осы елдер қатарында. Мысалы, біз Қазақстан ауған кәсіпқой мамандарының келесі буынына, әсіресе қыз-келіншектерге, қазақстандық университеттерде білім беріп отырғанын жоғары бағалаймыз. Әлбетте, сонымен қатар, Ауғанстанға «тек тұрақсыздық көзі ғана емес, аймақтағы мемлекеттер үшін орасан зор экономикалық серіктестік әлеуеті бар ел» деп қарау маңызды. Ауғанстан мен Орталық Азия арасындағы экономикалық қатынастарды одан ары күшейтуде Қазақстанның атқарған жұмысы орасан зор болды. Мәселен, Қазақстан ауғандықтарға аса маңызды азық-түлік жеткізуші болып отыр. Алдағы жылдары осы салада сауда көлемі артатынынан үміттенеміз.
– Орталық Азия елдері - суды ысырап ету көрсеткіші жоғары аймаққа жатады. Қазақстанның оңтүстік өңірі көршілес елдерден келетін су көздеріне тәуелді. Өңірде ауыл шаруашылығына қажетті су тапшылығы байқалады. Алдағы уақытта суға таластың соңы аймақтағы қақтығыстарға себеп болуы мүмкін. АҚШ үкіметінің Қазақстан, жалпы Орталық Азия елдеріне осы су бөлінісі, су тапшылығы мәселесін шешуге қатысты ұсыныс жобалары, бағдарламалары бар екен. Нәтижесі қалай?
– АҚШ Қазақстан және аймақтағы елдермен, соның ішінде Ауғанстанмен су мәселелерін анықтау және оларды шешу бойынша 15 жыл бойы жұмыс жасады. Қазіргі кезде АҚШ-тың қаржылай қолдауымен жүзеге асып отырған су бағдармалары Қазақстан мен көршілес елдердің тұрақтылығы, экономикалық өркендеуі мен салауатты экожүйелерін қолдайтын трансшекаралық су серіктестігін нығайтады.
Су ресурстарын басқару – аймақтағы талас мәселе екені мәлім. АҚШ үкіметі 2012 жылдан бері шағын су бассейн кеңестерін құру арқылы ұлттық шекара бойымен жергілікті және ауыларалық ынтымақтастықты ілгері жылжыту аясында сәтті жұмыс жасады. Шағын су бассейн кеңестеріне табиғатты қорғау, жер суару және жергілікті үкімет пен су пайдаланушылар ішінен сарапшылар кірді. Мәселелерді біріге қарастырып, олар трансшекаралық өзендерде суды ұтымды пайдалану шешімдерін тауып отырады. Сөйтіп, шекара бойында өзен және өзен алабының су мәселелері бойынша бірлескен шешімдер қабылдайды.
Мысалы, Қазақстан мен Қырғыз Республикасы арасында орналасқан Аспара мен Күркіреу өзендерінде екі шағын су бассейн кеңесі жұмыс жасап жатыр. АҚШ сол жердегі қазақ шаруаларды каналды тазалауға арналған жабдықпен қамтамасыз етті.
Сонымен қатар, АҚШ үкіметі Казгидрометке MIKE 11 атты өзендерді модельдеу бағдармалық жасақтамасын ұсынды. Бұған қоса, мекеме қызметкерлеріне Қазақстандағы ірі өзен алаптарында су тасқыны бойынша болжам жасауды уйретті. Бұл су тасқындары болмай тұрып, алдын-ала дайындық жасауға, шенеуніктер мен шаруаларға су тасқын салдарынан болатын зардаптан сақтап қалу үшін сақтық шараларын қолдануға көмектеседі.
Орталық Азия мен Ауғанстандағы болашақ су басқару сарапшыларының техникалық дағдыларын жетілдіру үшін АҚШ тарапынан Алматыдағы Қазақ-Неміс университетінде біріктірілген су ресурстарын басқарудан магистр дәрежесін алу үшін мемлекеттік және зерттеу институттары тағайындаған 36 студентке стипендия берілді. Оның алтауы - қазақстандық студенттер.
– Қазақстанның оңтүстік өңірі ауыл шаруашылығы, егін шаруашылығына маманданған. Қазір Түркістан облысы әкімдігі АҚШ технологиясы бойынша жаңбырлатып суғару әдісін енгізіп, соны дамытып жатыр. Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстарының егін шаруашылығы саласында суды үнемдеп, көбірек өнім алуына себі тиер тағы қандай амал-тәсілдер енгізуге болады?
– Қазақстан экономикалық диверсификацияға бағытталған қадамдарының ішінде ауыл шаруашылық секторын алдыңғы орынға қойған. Бұл – өте орынды шешім. АҚШ Қазақстанның бұл әрекетін толық қолдайды.
АҚШ компаниялары дүние жүзіндегі өнім көлемінен ең нәтижелі ауыл шаруашылық өндірушілер қатарына кіреді. Көбі Қазақстанға ұқсас жағдайларда жұмыс істейтіні себепті біздің ноу-хау және технологияларымыз жергілікті ортаға әбден лайықты екені рас. Өткен жылы Шымкентте өткен AgriTek көрмесінде АҚШ-тың Дипломатиялық өкілдігі алғаш рет павильонын қойды. Технологияларын таныстырып, жергілікті серіктес табу мақсатында бірқатар америкалық фирмалар қатысты:
Небраскалық Valmont компаниясы – суғару технологиясының үздігі. Миннесота штатының DTN компаниясының технологиясы ауа-райын ерекше дәлдікпен анықтап, ауыл шаруашылығына қолайлы шешімдер қабылдауға көмектеседі. Канзастық Weatherly компаниясы ауыл шаруашылығына қажет ұшу құрылғыларын жасап шығарады. Ал Висконсин штатының BouMatic компаниясы сүт тағамдарының өндірісіне жаңалық енгізеді.
АҚШ диқаншылары жылдар бойы су тапшылығынан зардап шеккен. Сол себепті суды үнемдеп қана емес, ауыл шаруашылығы өнімі сапасын жақсартатын технологияларды ойлап тапты. Smart water management, яғни суды тиімді басқару технологиясының мүмкіндігі ауа-райы, жер құнарлығын, өсімдіктің құрамындағы ылғал деңгейін тексеріп, соған сай суару кестесін анықтап береді.
Жұмсалған суға пара-пар өнім алудың тағы бір жолы: ол – әр өңірдің климат өзгешелігіне бейімделе алатын астық сұрыпын егу. АҚШ-та өсетін дәнді дақылдардың неше түрлі сұрыптарын Қазақстанға әкелсе, мол, сапалы өнім алуға болады. Мысалы, біздің Дипломатиялық өкілдік Монтана университетімен бірлесіп, Қазақстанға қысқы бидай сұрыпын әкеп отырғызып көрмекші. Америкалық сиыр тұқымдарының өнімі мен сапасы өте жоғары бағаланады. АҚШ-тың мал өсірушілері Қазақстанға ірі қараның өзін де, генетикалық материалын да әкеліп, қажетінше осындағы мал сапасын арттырып жатыр.
Қазақстанда ауыл шаруашылық саласының өсіп-дамуға, инновация енгізуге мүмкіндіктері зор. Егер де жергілікті жағдай мен соған деген талпыныс болса, АҚШ компаниялары мұндағы нарыққа инвестиция, технология, ноу-хау әкелуден аянбайды.
Алайда, елдің Экология министрлігі өздігінен жүретін және басқа да ауыл шаруашылық құрал-жабдықтарына қалдық өңдеу салығын салып отыр. Бұл жағдай жергілікті «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен қатар бізді де қатты алаңдатады. Бұл қосымша салық диқаншылардың мойнына ауыртпашылық түсіріп, озық технологияларды олар үшін қолжетімсіз етеді. Сөйтіп, Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тартуға кедергі жасайды. Қазақстан үкіметі бұл салықтың осынау маңызды саланың дамуына әсерін талқылағанда мұны ескерсе деп үміттенеміз.
«Қазақстанның егемендігін, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын нығайту – АҚШ үшін мызғымайтын стратегиялық мақсат. Қазақстанды дүниежүзілік экономиканың қатысушысы ретінде көргіміз келеді. Аймақтық және ғаламдық қауіпсіздікті нығайту жолында бірлесе әрекет жасайтын өркендеген, тұрақты және демократиялық ұлт ретінде дамуын қолдағымыз келеді»
– АҚШ елшілігі мен Алматыдағы Бас консулдығының Түркістан облысы мен Шымкент қаласында АҚШ-тың білім-ғылым, өнер және тағы басқа бағыттардағы бағдарламаларын таныту, тұрғындарды қатыстыру бойынша тағы қандай жоспарлары бар?
– Қазақстанның оңтүстігінде бұрын болмаған әсерлі дүние жасауға әрекет еткен жаңа кәсіпкерлер, ағартушылар, сүретшілер, жазушылар мен инноваторлар буыны қалыптасып келе жатқанына куә болып отырмыз.
Былтыр Сайрамда English Access микростипендиялар бағдарламасының ашылуына қатыстым. Сайрамдағы бағдарлама – Қазақстандағы осындай 18 бағдарламаның бірі. Access жобасы 2009 жылдан бері өткізіледі. Бұл әлеуметтік жағдайы төмен ортадан шыққан білімге құштар оқушыларға арналған тегін ағылшын тілі мектебі. Екі жыл бойы оқушылар тіл үйренуден бөлек, адам ретінде дамып, өз-өзіне сенімді азаматтар болып шығады.
Жыл сайын қазақстандықтарды алмасу бағдарламаларымен оқуға, кәсіби біліктілік арттыруға жіберіп отырамыз. Пандемияға байланысты сондай жобаларды тоқтатуға, я кейінге қалдыруға тура келді. Дегенмен де, сондай бағдарламалардың АҚШ үшін де, Қазақстан үшін де үлкен маңызға ие екенін түсінеміз. Сол себепті әрі қарай жалғастырамыз. Мұндай бағдарламалардың ең танымалы – Фулбрайт, FLEX бағдарламалары.
Қазір барлығы онлайнға өтіп жатыр. Біздің де жобаларымыз онлайн жалғасып жатыр. Мәселен, Go Viral атты фестиваліміз дәстүр бойынша Алматыда өтуге тиіс еді. Биыл 9-18 қазанда #GoViralca2020 онлайн-фестивалі өтеді. Фестивальге goviral.kz сайтында тіркелуге болады.
Виртуалды бағдарлама демекші, ең ірі әрі сәтті жобаларымыздың бірі – Орталық Азиялық 48HFR немесе «48 сағатта кино түсіру» сайысы да басталуға жақын. Бес жылдық тарихы бар 48HFR үлкен аймақтық қауымдастыққа айналып үлгерді.
Қазақстандағы Америкалық бұрыштарымыз да бағдарламаларын виртуалды форматқа тез ауыстырды. Шымкенттегі Америкалық бұрыш талай жылдан бері АҚШ туралы ақпарат алатын негізгі орын болып келеді. @ACShymkent атауымен тауып, онлайн қатысуға болады. Жалпы, Бас консулдық пен елшіліктің әлеуметтік желілері - іздеген адам үшін түрлі пайдалы ақпарат көзі.
– Әңгімеңізге рахмет