Астана, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстаннан Америкаға бағытталған тікелей әуе рейстері шамамен 2021 жылы іске қосылады. Бұл жөнінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің алқа мәжілісінде ведомствоның бірінші вице-министрі Роман Скляр мәлімдеді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Америка құрама штаттарына ұшуларды жүзеге асыруға арналған құқықтық база белгіленді. Бүгінгі күні аптасына 14 рейске дейінгі жиілікте елдер арасында рейстер ашуға мүмкіндік беретін Қазақстан мен Жапония арасында құқықтық база бар. Осы жылы мұндай рейстерді ашу үшін отандық компаниялардың мемлекеттік қолдау көрсету мүмкіндіктері пысықталатын болады», - деді Скляр.Бірінші вице-министр атап өткендей, қазіргі уақытта мұндай рейстерді субсидиялау бағытында жұмыстар атқарылып жатыр.
«Қазір біз рейстерді субсидиялауға арналған құжаттар пакетін әзірлеп жатырмыз. Жапониямен келісімге қол қойылған. Осы орайда, екінші жартыжылдықта Жапонияға тікелей рейстер ашылады деп жоспарлап отырмыз. Ұшуларды «Эйр Астана» жүзеге асыратын болады. Ал АҚШ-қа келер болсақ, онда біздің Азаматтық қорғаныс комитеті мен «Эйр Астана» компаниясы қауіпсіздік талаптарына сәйкестікке Американың авиация билігінде аудиттен өтуі керек. Бұл - шамамен екі жылға дейін созылатын процесс. Бірінші кезеңде шетелдік компаниялар тартылуы мүмкін. Осылайша, америкалық әуе компаниялары Қазақстанға осы жылы ұшуларды жүзеге асыра алса, біздікілер АҚШ-қа тек 2021 жылы ғана ұша алады», - деді Скляр.
Сонымен қатар, алқа мәжілісінде Роман Скляр елдегі барлық әуежайдың ұшу-қону жолақтарын қалпына келтіру жұмыстары қашан аяқталатынын мәлімдеді.
«Қостанай қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын жаңғырту бойынша жұмыстар басталып, ол осы жылы аяқталады деп жоспарлануда. Сол сияқты, 2019 жылы Өскемен мен Орал қалалары әуежайларында да осы тектес қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Жалпы, 2020 жылға дейін елдегі барлық әуежайдың ұшу-қону жолақтарын жаңғырту жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр», - деді министрдің бірінші орынбасары.
Ақмарал ШАҒАТАЙ
Оқи отырыңыз: