Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында www.akorda.kz сайтында өзінің виртуалды қабылдау бөлмесі ашылғанын хабарлады.
«Менің парақшама мыңдаған оқырман пікірлерін жазып, сауалдарын жолдап жатады. Олардың ішінде жүйелі түрде жұмыс істеуді қажет ететін күрделі мәселелер де бар. Әркім өз сұрағына жауап алып, пікірінің ескерілгенін қалайды. Алайда, барлық өтініштерге осы парақша арқылы жауап беру мүмкін емес екенін өздеріңіз де жақсы түсінесіздер.
Қоғаммен пікір алмасуды жолға қою, әрбір азаматтың сұрауын қанағаттандыру, мұқтаж жандарға дер кезінде көмек көрсету мақсатында www.akorda.kz сайтында менің Виртуалды қабылдауым ашылды. Қазірдің өзінде Виртуалды қабылдауға көптеген хаттар келіп түсуде. Республика азаматтарының жеке немесе қоғамдық сипаттағы түрлі мәселелері бойынша өтініштері қаралады. Әр хат ресми тіркеледі, оны өзім де қараймын және Әкімшілік қызметкерлері де қарастырады.
Бұл - еліміздің әрбір азаматы ресми түрде сұрау салуға мүмкіндік беретін, заңды күші бар виртуалды қабылдау»,-деп жазды мемлекет басшысы.