Қазақстандық оқушылар 12 жылда алғаш рет информатикадан халықаралық олимпиадада жеңімпаз атанды

13 Тамыз 2019, 06:35
2354
Бөлісу:
Қазақстандық оқушылар 12 жылда алғаш рет информатикадан халықаралық олимпиадада жеңімпаз атанды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 12 жылдан бері бірінші рет қазақстандық оқушылар информатика пәні бойынша халықаралық олимпиадада жеңімпаз атанды. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінен хабарлады.

Жоғары технологиялар әлемінің жас жұлдыздарының жетістіктері, информатика пәнінен 31-ші Халықаралық олимпиаданың қорытындысы белгілі болды. Қазақстан құрама командасы 1 алтын, 1 күміс, 2 қола медальға ие болды. Бүгінгі күннің батырлары «Республикалық физика-математика мектебі» КеАҚ түлектері Сардарбеков Батыр алтын медальді, Закарин Данияр күміс медальді иеленсе, Өскемен қаласындағы дарынды ер балаларға арналған облыстық мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернатының 10-сынып оқушысы Байболов Темірлан мен Нұр-Сұлтан халықаралық «Spectrum» мектебінің түлегі Құрбанбаев Жан қола жүлделі болды. Олимпиадаға әлемнің 87 елінен 325 оқушы қатысты.

Ел қоржынына информатика пәнінен алғашқы екі алтын медальді қатысушылар 2007 жылы Хорватияның Загреб қаласында өткен халықаралық олимпиададан әкелген еді.

Естеріңізге сала кетсек, 2019 жылдың 4-10 тамыз аралығында республиканың құрама командасы Әзірбайжан астанасы Баку қаласында өткен информатикадан 31-ші Халықаралық олимпиадаға қатысты. 2020 жылы Олимпиада Сингапурда өтеді.

Өзгелердің жаңалығы