Қазақстандық Ержан Максим Меладзе мен Лободаны таң қалдырды

2 Наурыз 2019, 15:15
2424
Бөлісу:
Қазақстандық Ержан Максим Меладзе мен Лободаны таң қалдырды

Астана, BAQ.KZ. Оралдық жас орындаушыны қазылар алқасының барлық мүшесі ерекше қабілетті адам деп атап, оның жетекшісі болуға ниет білдірді. Бұл жөнінде Sputnik порталы хабарлады. 


Оралдық Ержан Максим ресейлік «Голос. Дети»  байқауына қатысуда. Орындаушыны теріс қарап отырып тыңдап, оған дауысына қарай баға беретін қазылар алқасы – Валерий Меладзе, Светлана Лобода мен Пелагея қазақстандық жас әншінің вокалдық дарынына таң қалды. 

Ержан Андреа Бочеллидің «Ama credi e vai» әнін орындады. Композиция 2006 жылы Туриндегі Олимпиада ойындарының жабылу салтанатында орындалған болатын. Әннің ағылшынша, нидерландтық және италиялық нұсқалары бар. Ержан Максим Бочеллидің өзі жазған түпнұсқаны орындады. 

Қазылар алқасының барлық мүшесі қазақстандыққа оң бағасын берді. 

«Сіз ерекше адамсыз, сіздің дауысыңыз өте айрықша», - деген Светлана Лобода өзін жетекші ретінде таңдауды ұсынды. 

«Мен өте бақытты сезімде отырдым. Сіз дауысыңызбен емдей алатын адамсыз», - деді де, Пелагея да өз жетекшілігін ұсынды. 

Валерий Меладзе өзін салмақты ұстап, жас әншіден қандай музыканы ұнататынын сұрады. 

Ержан Максим қазылар алқасын тыңдап болып, ән орындау шеберлігін үйренгісі келетін адамның есімін атады. 
Қазақстандық Ержан Максим Меладзе мен Лободаны таң қалдырды

«Мен, әрине, сіздердің барлығыңызды сыйлаймын және жақсы көремін. Бірақ, мен Валерий Меладзені таңдаймын», - деді жас әнші. 

Айта кетейік, аталған жобаның алтыншы маусымына Ержан Максимнен бөлек тағы төрт қазақстандық өтті. Олар – Рамина Сармурзина, Жанеля Қалдыбек, Жан Макин және Жанель Муратова. 

Шоу «Бірінші арнадан» әр жұма сайын «Время» бағдарламасынан кейін көрсетіледі.


Өзгелердің жаңалығы