Астана, BAQ.KZ. Интернет-платформаның жобасы кешегі форумда Нұрсұлтан Назарбаевқа таныстырылған. Бұл туралы 24kz сайты хабарлайды.
Авторлары – мектеп оқушылары Алиля мен Амина Нарықбаевалар. Сонымен өзіміздің әлеуметтік желімізді қашан қолдана бастаймыз және ол қандай болады?
Қазақстандық желіні 12 және 14 жастағы Амина мен Алиля ойлап тапты. Сәті түсіп, жасөспірім қыздар әлеуметтік платформаны күні кеше ғана Елбасына таныстырды. Нұрсұлтан Назарбаев жастардың өнертабысына оң бағасын берді.
«Бәрі тамаша өтті. Елбасы бізді мақтап-мадақтап, мұндай платформаның бүгінгі жастарға берер пайдасы мол екенін айтты. Сонымен бірге Қазақстан Президенті біздің алдымызда әлі талай мүмкіндіктер ашылатынын тілге тиек етіп, сол мүмкіндіктерді қалт жіберіп алмау қажет деп ақыл-кеңес берді. Және біз ойлап тапқан әлеуметтік желіні әрі қарай дамыту керектігін сөз етті», - дейді Next Generation жобасының авторы Амина Нарықбаева.
Generation Next деп аталатын портал - бұл әлеуметтік желінің жаңартылған түрі. Дәлірек айтқанда, сайт өзіне бірнеше интернет-ресурстарды біріктірген. Мұнда ғаламтор пайдаланушылары бір-бірімен танысып, әңгімелесіп қана қоймай, сонымен бірге сан түрлі тақырыпта жаңалықтар оқып, психологтың ақыл-кеңесіне жүгіне алады.
«Біз бұл жобаны екі ай бойы әзірледік. Алдағы екі апта ішінде оны тестілеуден өткіземіз. Тек содан кейін ғана порталдың сілтемесімен бөлісуді жоспарлап отырмыз», - дейді Next Generation жобасының жетекшісі Гүлнәр Арыстанова.
Жасөспірімдердің жобасы ата-аналар тарапынан қолдау тапқан. Next Generation идеясы Алиля мен Аминанікі болса, қаржылық көмекті әке-шешесі көрсеткен екен.
«Мынау біздің команда. Біз қызықты тұлғалардан сұхбат алып, өзіміздің контентімізді құрамыз. Мысалы, актерлермен, вайнерлермен, сондай-ақ ғалымдармен кездесіп, олармен тілдестік. Жалпы біздің сайтқа тіркелген қолданушы тек шынайы әрі пайдалы ақпаратпен бөлісуге келісімін береді», - дейді Next Generation жобасының авторы Алиля Нарықбаева.
Бұл екі қыздың бастамасы Елбасының көңілінен шықты. Жобаның сәтті іске асуы үшін Президент Үкіметке осы істі ерекше бақылауға алуды тапсырды.