Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қорғаныс министрлігі әскери міндеттемелері бар азаматтар су тасқынына қарсы күресте елді мекендерде патруль жасауға шақырылды. Бұл туралы ҚР Бас штабы бастығының орынбасары Руслан Шпекбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Біздің Қарулы күштер шоғырланған өңірлерде күш бар. Ал олар жоқ жерге медициналық даярлығы бар, қазір денсаулық сақтау саласына тартылған азаматтар шақырылады. Сонымен бірге қызметте тәжірибесі бар мамандар блок-бекеттерде, елді мекендерді патрульдеуге және ол жерлерді санитарлық тұрғыда тазартуға жұмылдырылады. Бәлкім, кейбір аймақта көктемгі су тасқынының салдарын жою процесіне көмектеседі, - деді Руслан Шпекбаев.Сонымен қатар, ол мұндай тәжірибе бүкіл аймақта жүргізілетінін жеткізді.
Аймақтарда әскердің жұмысқа тартылғанын білесіздер. Бірақ олар жетіспейді. Әскери бөлімдер дислокациясы жоқ орындарға бәлкім адамдарды тартамыз. Алайда бұл ретте адам саны, міндеті мен мерзімі бойынша шешімді Бас штабтың келісімімен әкімдік қабылдайды, - деді спикер.ҚР Бас штабы бастығының орынбасары сондай-ақ бұл жұмысқа тартылу кезіндегі төлем жайлы да айтып өтті.
Жұмыссыз қалған азаматтар минималды айлық төлемақыны алады. Жұмысынан тартылған азаматтар айлық жалақысына ие болады. Ең бірінші кезекте нақты аймақтарға керекті мамандарды іске тартамыз. Әр өңірде жағдай әр түрлі. Яғни, адамдар таңертең өз міндетін орындау үшін жұмысқа келгендей тәртіпте жүреді. Тұрғылықты мекені бойынша барады. Кешке үйлеріне қайтады, - деді Руслан Шпекбаев.Еске салсақ, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әскери міндеттілерді арнаулы жиынға шақыру туралы Жарлық шығарған болатын.