Карантин тәртібі туралы қаулы жобасы әзірленуде

7 Қыркүйек 2020, 14:44
2125
Бөлісу:
Карантин тәртібі туралы қаулы жобасы әзірленуде

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті Қазақстанда шектеу шаралары мен карантинді енгізу бойынша ережелер белгіленген қаулы жобасын жариялады. 

Қаулы жобасы ашық НҚА порталында жарияланды. Құжатқа сәйкес төмендегі тізбеде көзделген инфекциялық аурулардың әкеліну және таралу қаупі төнген жағдайда Кодекстің 104-бабына сәйкес:

- инфекциялық аурулардың таралуын болдырмауға бағытталған;
- кәсіпкерлік және (немесе) өзге де қызметтің ерекше режимін көздейтін шараларды қамтитын шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин енгізіледі.

Пайда болу және таралу қаупі төнген кезде шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин енгізілетін инфекциялық аурулардың тізбесі № Инфекциялық аурулардың атауы:
 
1. Оба
2. Тырысқақ
3. Сары қызба
4. Вирустық геморрагиялық қызбалар
5. Ауыр жіті респираторлық синдром (АЖРС)
6. Вирустың жаңа кіші типі тудырған адам тұмауы
7. Вирустың жаңа кіші типі тудырған коронавирустық инфекция. 
Инфекциялық және паразиттік аурулардың Қазақстан Республикасының аумағына әкеліну және (немесе) Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таралу қаупі төнген жағдайда Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасымен тұспа-тұс келетін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде немесе Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында кәсіпкерлік және (немесе) өзге де қызметтің және халықтың өмір сүруінің ерекше жағдайларымен шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантин енгізеді, - делінген құжатта.

Тізбеде көзделмеген инфекциялық аурулардың пайда болу және таралу қаупі төнген жағдайда жекелеген аумақтарда (объектілерде) шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің немесе тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің (көліктегі) бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысымен, сондай-ақ өзге де мемлекеттік органдардың ведомстволық объектілерінде Кодекстің 104-бабына сәйкес халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшелерінің бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің шешімімен енгізіледі. Қаулы жобасы 28 тамыздан бастап 14 қыркүйекке дейін талқылау сатысында болады.



Өзгелердің жаңалығы