Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Шетелдік интернет компаниялар Қазақстанда қосылған құн салығын төлейтін болады.
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында салық салу және инвестициялық ахуалды жетілдіру мәселелері туралы заң жобасы бірінші оқылымда қаралды.Заң жобасында қазақстандықтарға қызметі мен тауарларын электронды түрде өткізетін шетелдік интернет компанияларды қосылған құн салығын төлеуге міндеттеу нормасы бар.
Мәжіліс депутаты Фахридин Қаратаев Google салықтан бюджеттің кіріс бөлігі қаншаға ұлғаятынын сұрады.
Басқаша айтқанда "Google салық" салуға мүмкіндік беретін нормалар ұсынылады. "Google салықты" тек шетелдік интернет компаниялар төлейтін болады. Заңды және жеке тұлғаларға бұл норманың қатысы жоқ. Осыған байланысты салық салынатын базаның кеңейтілетінін ескере отырып, бюджеттің кіріс бөлігі қаншалықты ұлғаяды? Алдын ала есептеу жүргізілді ме? - деп сұрады Мәжіліс депутаты Фахриддин Қаратаев.
Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов норма шетелдік интернет компанияларға қатысты екенін айтты.
Бұл жаңашылдық тек шетелдік интернет компанияларға қатысты, қазақстандық заңды және жеке тұлғалар төлемейді. Бұл өз кезегінде халықаралық стандартқа сәйкес келеді. Шетелдік интернет компаниялар Қазақстанда көрсетілетін қызметтер көлемі, айналымы бойынша қосылған құн салығын төлеуге дайын. Бірақ, бұл үшін төлемге қатысты тиісті норма болмаған еді. Енді осы нормалар ұсынылып отыр. Қызметтер көлемі үлкен емес болғандықтан, қосымша құн салығы жылына 2 миллиард теңгеге бағалануда. Бірақ егер, қызметтер көлемі өссе, салық көлемі де артады. Біз оны бақылаймыз, - дейді Руслан Дәленов.
Мәжіліс заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.