Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ержан Жылқыбаев Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында Қазақстанда қандай мамандықтар сұранысқа ие екенін айтты.
«Қазір жоғары сұранысқа ие 100 мамандыққа IT және цифрландыру саласының мамандықтары кіреді. Бүгінде негізінен 3D-модельдеу инженерлері, IT-мамандар, архитекторлар, дизайнерлер және туризм саласының мамандары жоғары сұранысқа ие болып отыр», - деді Жылқыбаев.Министрдің бірінші орынбасары сұранысқа ие мамандықтарды даярлауда бірқатар мәселелер барын айтты.
«Қазақстанда нақты ғылым педагогтарының аздығы байқалады. Өндіріс салаларында электр дәнекерлеуші, газ дәнекерлеуші секілді мамандар жетіспейді. Осындай кадрларды даярлауымыз қажет. «Атамекен» ҰКП бірлесе өндіріс орындарына қажетті мамандықтарды анықтау мақсатында скрининг жүргіземіз», - деді ол.
ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі осыған дейін жыл басынан бері электрон еңбек биржасы арқылы 243 мың адам жұмысқа тұрғанын, биржада қазір 57 мың бос жұмыс орны туралы ақпарат барын айтқан болатын.