Астана, BAQ.KZ. Дубайдағы жетінші Дүниежүзілік үкіметтік саммит (WGS 2019) аясында Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитет төрағасы Алихан Байменов Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ) министрлер кабинеті істері бойынша Министр, WGS төрағасы Мухаммед Аль-Гергавимен кездесті.
Кездесу барысында тараптар мемлекеттік басқарудағы инновациялар мәселесін талқылады.
«Біздің көзқарасымыз мен мақсатымыз ортақ – адамдарды бақыттырақ ету әрі өмірлерін жеңілдету. Осы тұрғыда БАӘ үкіметі Астана хабы қатысушы-елдерімен мемлекеттік секторда инновацияларды қолдану саласындағы озық тәжірибемен бөлісуге әзір», - деп атап өтті Мухаммед Аль-Гергави кездесу барысында.
Өз кезегінде Әлихан Байменов мемлекеттік қызметтегі инновацияларды дамытудағы әріптестіктің маңызына тоқталды. Ол Хабқа 40 мемлекет, оның ішінде жаңа технологиялар мен электронды үкімет саласындағы көшбасшылар – Эстония мен Корея қатысушы-ел екендігін жеткізді. Хаб тұғырнамасында өзара тәжірибе әрі білім алмасу мақсатында мемлекеттік қызмет көрсету мен электронды үкімет бойынша практиктердің екі Альянсы құрылған. Әлихан Байменов БАӘ-нің мемлекеттік инновациялар бойынша мол тәжірибесі қатысушы-елдер үшін құнды болатындығын мәлімдеді.
Тараптар әрі қарайғы ынтымақтастықты, оның ішінде мемлекеттік инновациялар саласында бірлескен халықаралық іс-шаралар өткізіп, зерттеулер жасау мәселелерін талқылады. Аль-Гергави Астана хабына дүниежүзілік саммит жұмысына жыл сайын мемлекеттік қызмет бойынша параллельді сессиялар ұйымдастырушысы ретінде ат салысуға ұсыныс білдірді.
Айта кетейік, WGS – әлемнің 150-ден астам мемлекетінен 3 мыңнан астам адам қатысатын ірі ғаламдық тұғырнама. Онда мемлекеттік жоғары лауазым иелері, кәсіпкерлер, сарапшылар мемлекеттік органдар жұмысын жақсарту бойынша тәжірибе алмасып, келешектегі үкіметтер туралы өз көзқарастарымен бөліседі.